ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Сәйкесінше, пандемиядан кейін аталған саланың дамуына айрықша көңіл бөлініп те келеді. Күні бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңғырып келе жатыр. Сонымен қатар жаңа орталықтар ашу ісі де қарқын алған.
Бұл бастаманың маңызы жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да атап айтқан еді. Нақтырағы, ел Презиендті «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн» деген болатын. Осы орайда, үшінші мегаполисте бірқатар игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асуда. Мәселен, жуырда шаһар тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін «BEL MED» медициналық сауықтыру орталығының лентасы қиылды. Медициналық мекемеде бел-омыртқа, мойын жарығы, остехондроз ауруларын емдеуге басымдық берілген.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов қаламызда медициналық қызметтің сапасын жақсартуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қызмет көрсететін емханалардың үлесі көп екеніне тоқталып өтті. Нақтырағы, өз сөзінде «Жеке клиникалардың көптеп ашылуы бәсекелестіктің артуына, нәтижесінде медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді» деді аудан әкімі.
Медициналық мекемеде 40 пациентке дейін күндізгі және тәулік бойы қызмет алу мүмкіндігі бар. Орталықта тұзды шахта, әйелдер және ерлерге арналған бассейн, массаж, емдеу кабинеттері және электрофорез бөлімдерінде 22 маман-дәрігер қызмет көрсетеді. «Біздің өзге орталықтардан ерекшелігіміз – тракциялық емдеу. Бұл терапия бел, кеуде және мойын жарығы немесе протрузиясын емдеу ісінде таптырмайтын әдіс. Орталықтың бірінші қабаты күндізгі стационарға арналса, екінші қабатында науқастар дәрігер-невропатолог, физиотерапевтерден тәулік бойы ем алады. Алдағы уақытта МӘМС арқылы тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетуді де жоспарлап отырмыз» дейді «BEL MED» медициналық сауықтыру орталығының бас-маманы, невропотолог-дәрігер Нұрсұлтан Қабатаев.