ЕЛІМІЗДЕ 8 МЫҢҒА ЖУЫҚ МЕДИЦИНА МАМАНЫ ТАПШЫ
Қоғамда медицина саласындағы қызмет көрсету сапасына қатысты сын көп. Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынның ауруханаға барып, ақ халаттылардың көмегіне жүгінетіні белгілі. Міне, осы тұста түрлі түсініспеушіліктер орын алып жатады. Мұнымен денсаулық сақтау саласында мәселе жоқ дегеннен аулақпыз. Керісінше, түйткілді түйіндер баршылық. Солардың бірі – кадр тапшылығы.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі ауруханалар мен емханаларда 7600-ден аса медицина қызметкері тапшы. Бұл жөнінде «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту тұжырымдамасында да жазылған. Мұның бір ұшы 2007-2017 жылдар аралығында педиатриялық факультеттерге талапкерлерді қабылдаудың жүзеге асырылмағанына келіп тіреледі. Осының салдарынан стационар деңгейіндегі мамандар және арнайы бейінді мамандарға деген тапшылық айқын сезіліп шыға келген.
Ішінара тарқатсақ, бүгінгі таңда еліміздегі медициналық мекемелерге 787 анестезиолог-реаниматолог, 291 акушер-гинеколог, 304 педиатр, 104 неонатолог, 65 балалар инфекционисі, 51 балалар невропатологы қажет. Тапшылық мұнымен шектелмейді. Өзге де мамандықтар бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, маман тапшылығы салдарынан кейбір қызметкерлер қосалқы жұмыс атқарып жүр. Сонымен қатар ел бойынша 7 606 орта медициналық персонал жетіспейді. Оның 6 468 маман қалаларға қажет болса, 1 138-і ауылдарда тапшы.
Ж.БАЛАУСА.