САПАЛЫ МАМАН ДАЯРЛАУ ІСІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАЙТЫНДАР АЗАЙМАЙ ОТЫР
Шымкентте аттестаттау талаптарына
сай келмеген мекеме көп
Білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен қатар өзекті мәселелер де жетерлік. Министр ауысқан сайын заңы мен талабы түрлене түсетін салада өзгеріс көп. Білім мекемелеріне қойылар талап күшейген. Мәселен, бұрындары дипломды уыстап таратқан біраз оқу орнының лицензиясы қайтарылды. Енді сын садағына орта арнаулы оқу орындары ілігіп отыр. Тарқатайық…
Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензиясынан айырылды. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша, мемлекеттік аттестаттауға дайындық кезеңінде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензияларын қайтарды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында жеке колледж жабылды.
Жалпы жыл басынан бері еліміздегі 519 колледжде мемлекеттік аттестаттау өткен. Талдау нәтижесі бойынша Алматы мен Астана қалалары, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жақсы көрсеткіштер байқалады. Әйтсе де ел бойынша үш жүзден астам колледж аттестаттаудан өтпеді. Олардың дені Шымкент қаласы мен Павлодар, Қызылорда облыстарында. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында да көрсеткіш төмен.
Тиісті сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар проблемаларды анықтап берген. Қазір Астана қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тоғыз жеке колледждің қолданыстағы лицензиясы мен білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияға қосымшаларды қайтару жұмысы жүргізілуде. Бұл колледждер енді білім беруді тоқтатады. Сондай-ақ лицензияға қосымшасы болмаса да білім берген 10 колледж анықталып отыр. Талдау қорытындысы бойынша жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибеден өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқыту бойынша бұзушылықтар анықталған.
Қош делік, білім саласын былықтан тазарту ісі қарқынды жүріп келеді. Салаға жауапты министрліктің екіге бөлінуімен жұмыс қарқыны күшейген тәрізді. Әйткенмен арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Өйткені сапалы әрі нарыққа қажет мамандарды даярлау бойынша олқылықтар әлі де бар. Содан болар, шеттен келетін маманға зәруміз. Мұның астарында қандай мәселе жатқаны қалың оқырманға белгілі деген ойдамыз…
С.НҰРАЙ.