ҰЛТТЫҚ ЖОБА САЛАДАҒЫ КӨПТЕГЕН МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІЛУІНЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛМАҚ

Қоғам дамуындағы ең маңызды саланың бірі – білім. Сондықтан мемлекет тарапынан саладағы күрделі мәселелерді шешу мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Мәселен, орын тапшылығын жойып, заманауи талаптарға сай балаға білім беретін мектептердің санын арттыру бағытында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деп атап өткен болатын. Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен арнайы жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру тетіктері қарастырылды. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады.
Алдағы жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделуде. Тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда нысандарды инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту барысы қарастырылды. Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелерін, жолдарды талаптарға сай жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жиын барысында «Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектептердің көшелерін жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдам интернетпен қамтылуы тиіс» деді қала әкімі. Сондай-ақ халықтың демографиялық өсу динамикасын ескеріп, алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажеттігін ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесе, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.
Айта кету керек, «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.