ЖАСТАРДЫҢ КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАЛАРЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан болатын. Нақтырағы «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деген болатын президент.
Мемлекет басшысы атап айтқан бастама бүгінде жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 2,5 пайыз жеңілдетілген несиені алудың жолдары жастарға жан-жақты түсіндірілуде. Мәселен, өткен аптада Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында жастарды кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беру бойынша «Ашық есік» күні өтті. Аталмыш шараның мақсаты – кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеке ісін ашу үшін жағдайлар жасау.
Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу, бизнесті бастау, оны кеңейту мақсатында беріледі. Бұл — жаңадан кәсіп ашып, өрге домалатамын, қолда бар кәсіпті әрі қарай дамытамын деген жастарға таптырмас мүмкіндік болып табылады. Маңызды шара аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысу яғни жастарға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие бойынша түсіндіру және несиелеу шарттарымен таныстырылды. Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бұрышының мамандары кеңес берді. Сұранысқа ие кәсіп түрлері, бизнес план жасауға арналған басты қағидалар бойынша тренинг жүргізілді.
Ашық есік күніне қатысқан жастарға конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобаларына микрокредит алу мүмкіндігі, микронесиенің бұл жаңа түрі жастар кәсіпкерлігін дамытуға тың серпін беретіні туралы кеңінен насихатталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында бірнеше әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Олар, қайтарымсыз негіздегі грант беру, жастарға жеңілдікпен микрокредит беру. Биыл Шымкент қаласы бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 261 жастарға 2,5% жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып отыр. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет. Мекенжай — Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3.