ЖАСТАРМЕН КЕЛЕЛІ ЖИЫН ӨТТІ
Қазіргі таңда еліміздің әрбір облысында жастар орталықтары құрылған. Онда өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына септін болатын маңызды жобалар жасалып, өзекті мәселелері шешімін тауып жатады. Мәселен, Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын көптеген тың бастамалар көтеріліп жатады. Сонымен қатар маңызы бөлек, өзектілігі жоғары жиындар да ұйымдастырылуда. Солардың бірі жуырда өтті. Тарқатайық…
Өткен аптада «Медиация – дау-дамайды шешудің баламалы әдісі» тақырыбында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында түсіндірме жұмыстары басталды. Ең алдымен медиация қызметін дәріптеу және психологиялық қолдау бағытында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастары арасында тренинг ұйымдастырылды. Медиация – бұл адам құқығына, бостандығына құрметті арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға, конструктивтік сұхбат жолымен әлеуметтік, өзге де келіспеушіліктерді, жанжалдар мен дауларды шешуге бағытталған институт.
Түсіндірме жұмыстарына «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ақшегірова Лаура Мұратқызы және «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директор орынбасары Абдукаримова Салтанат Егізбекқызы қатысып, жастарға «Медиация» ұғымы мен қызметін кеңінен дәріптеді. Жиын барысында «Шын мәнінде, медиация – бұл «Не істеу керек?», басты мәселе «Кім кінәлі?» деген сауалдарға жауап алу. Медиацияның дауларды шешудің басқа тәсілдерінен негізгі айырмашылығы ол тараптардың әрқайсысын ұйымдастыратын және олар үшін бірдей тиімді болатын жанжалдың шешімін табуға көмектеседі», деп атап өтті Лаура Мұратқызы.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте жастарды жұмыспен қамтуды және түрлі мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауды көздейтін ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Біраз уақыттан бері белсенді жастар қаладағы бірқатар адамдар жиі шоғырланатын орындарға барып, жастармен тілдесіп, сұрақтарына жауап беруде.