СИНОПТИКТЕР АУА РАЙЫ БОЛЖАМЫНА ҚАТЫСТЫ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Ауылдағы ағайынды алдағы айдың ауа райы болжамы қызықтыратыны белгілі. Егіннің жайын, малдың қамын көктем келгеннен ойлайтын халық үшін бұл – қалыпты құбылыс. Қош делік, жуырда «Қазгидромет» РМК мамандары топырақтағы ылғал қорының болжамын шығарды.

Синоптиктердің айтуынша, жалпы қалыптасқан жағдай елдің солтүстігіндегі астық егетін өңірлер үшін қолайлы болады. Алайда Қазақстанның батысында, орталық және шығыс бөліктерінде сәуір айында жауын-шашын тапшылығы болуы мүмкін. Мұның ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуына теріс әсер етуі ықтимал. Алдын ала болжам бойынша, көктемгі егіс жұмыстарының алдында Қазақстан аумағындағы егістіктердің ылғалмен қамтамасыз етілуі төмендегі нормада болады деп күтілуде. Яғни оңтайлы деңгейден қанағаттанарлық деңгейге дейін — Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында, қанағаттанарлық — Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, оңтайлы — Жетісу және Түркістан облыстарында болмақ.
Бұдан бөлек, Қазгидромет мамандары «Көктемгі егіс жұмыстары кезіндегі ылғал қоры туралы мәліметтер егіс алқаптарының құрылымын анықтауда, дақылдарды себудің оңтайлы нормаларын анықтауда, тұқымдарды отырғызу тереңдігін таңдауда және тыңайтқыштарды енгізуде маңызды рөл атқарады, бұл соңында жалпы өнімнің сапасы мен шығымына әсер етеді және өндірілген өнімнің өзіндік құнына әсер етеді» дейді. Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына қарай топырақтағы ылғал қорының нақты болжамы шамамен 25 сәуірде әзірленетіні қоса хабарланды.

Ж.БАЛАУСА.