ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайлов Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар министрлердің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізді. Үкімет басшысы жуырда мегаполиске жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.

Әлихан Асханұлы республикалық маңызы бар қаланы дамытуға ықпал ететін 19 тапсырманың орындалуы бойынша ведомство басшыларының, қала әкімінің есептерін тыңдады. Бүгінде тапсырмаларды мерзімінде орындау мақсатында орталық және басқа да уәкілетті органдармен тиісті жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде, республикалық бюджетті нақтылау барысында министрліктерге сұраныс енгізілді.
Жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы мен өзекті мәселелерді баяндаған Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполис үшін маңызды Тұран шағынауданындағы Оқушылар сарайы құрылысына қалаға қаралған лимит шегінде қаржы қарастыру және Қайнарбұлақ шағынауданын табиғи газбен қамтуға қаралған қаражат бойынша сұраныстарын жеткізді. Бұл Мемлекет басшысының және Премьер-министр тапсырмаларын мерзімінде орындауға және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Премьер-министр нақтылаған 5 тапсырма орындалып, қалған міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.