600-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫ СУБСИДИЯЛАНАДЫ

Соңғы әлемде орын алған оқиғалар легі әлеуметтің әлеуетіне кері әсер еткені белгілі. Шарықтаған инфляцияның кесірінен айлық табыс азайды. Қымбатшылық тұрғындардың екі бүйірінен қысып барады. Осындайда ел азаматтарының мемлекеттен көмек күтері белгілі. Өз кезегінде, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға беріліп жатқан көмектерді жоққа шығаруға болмайды.

Мәселен, Шымкент қаласында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 591 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісімшарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды. Субсидия — мемлекет тарапынан төленетін тұрғын үй кезегін күткен азаматтардың жалдамалы пәтерлері арендалық құнының 50 пайыздық ақысы. Бағдарлама талаптарына сәйкес, бұл жеңілдікке пәтер кезегіндегі 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар өтініш бере алады.
Өтініш берушінің отбасыдағы соңғы 6 айдағы табысы адам басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (яғни 1 КМ=40 567 теңгеден) аспауы тиіс. Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтары бойынша Отбасы банк кеңесшілеріне жүгіне алады.
Айта кету керек, елімізде баспана кезегінде тұрған 590 мың адамның 210 мыңы әлеуметтік санатқа жатады. Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осындай дерек келтірген болатын. Ведомство басшысы өз сөзінде «Бүгінгі күні елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішінде 210 мың адам халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жатады. Бұл көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Соның ішінде Еңбек министрлігі базасының деректеріне сәйкес, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен шамамен 70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс» деп атап өтті.