КӨКТЕМДЕ АДАМ АҒЗАСЫНА ҚАНДАЙ ДӘРУМЕНДЕР ҚАЖЕТ?
Көктем мезгілінде адам ағзасы түрлі дәруменді қажет етеді. Алматы қалалық №16 емхананың эндокринологі Наталья Хегай ағзадағы дәрумен тапшылығын қалай анықтау қажеттігін айтты.
«Түрлі патология мен аурулардың салдарынан адам ағзасында дәрумен тапшылығы болуы мүмкін. Сондай-ақ, суық тиіп, аспирин қабылдағанда С дәруменінің ағзадан шығу жылдамдығы 3 есе артады. Жалпы, көктем мезгілінде адам ағзасы С, D, А, Е, В1, В2, РР дәрумендерін қажет етеді. Бұл ретте дәріханада сатылатын дәрумендерді өз бетінше қабылдауға болмайды, ол үшін міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Көктемде ағзада дәрумен тапшылығын болдырмас үшін теңіз балығы, кептірілген жеміс, жаңғақтар өте пайдалы. Көкөністі ұмытпау керек, бұл ретте қырыққабат, сәбіз пайдалы» деді дәрігер.
Оның айтуынша, ағзадағы дәруменнің тапшылығын төмендегі белгілер арқылы анықтауға болады. Олар — апатия және бұрын ұнатқан заттар мен әрекеттерге қызығушылықты жоғалту, жиі суық тию және мұрыннан су ағу, бір немесе бірнеше созылмалы аурудың өршуі, ұйықтау процесінің қиындауы, ал таңертең оянудың одан да қиын болуы, түнде сағат 2:30-дан 3:30-ға дейінгі аралықта жиі ояну, теріде безеудің пайда болуы немесе терінің шамадан тыс құрғауы, шаштың түсуі және тырнақтың сынғыштығы, іш қату, іштің ауыруы және гастрит түрінде асқазан-ішек жолдары бұзылуының пайда болуы, қызыл иектің кенеттен қанауы, зейіннің болмауы, тұрақты бас ауруы, құлақтың шыңылдауы және аздап бас айналу. «Адам ағзасында бұл тізімдегі екі белгінің болуы – прогрессивті көктемгі дәрумен тапшылығымен жедел күресу қажет екенін білдіреді. Дәрумен тапшылығының алдын алудың негізгі қағидасы – дұрыс тамақтану. Сонымен қатар дәрумендердің жетіспеушілігі кезінде таза ауада жиі серуендеп, тұрақты түрде спорттық жаттығулар жасау көмектеседі» деді Наталья Хегай.