ЖАСТАРҒА РУХАНИ АЗЫҚ БОЛАТЫН ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласында жастардың жан-жақты дамуы үшін көптеген бастамалар қолға алынып келе жатыр. Оның ішінде жеке қарым-қабілетін дамыту мақсатын көздейтін жобалар көп. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бастамалар да жиі ұйымдастырылып келеді. Соның бірі жуырда үшінші мегаполистегі Политехникалық колледжде өтті.

Нақтырағы, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Отбасың — алтын діңгегің» тақырыбы бойынша жастар арасында кездесу өтті. Оған Әл-Фараби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тұрсынай Барлыбаева, аналар тобының мүшелері Салима Бейсебаева, Разия Құлымбетова, Ләззат Сейдазимова, Райхан Нарымбаева, Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шымтөреева, сондай-ақ аталған оқу орнының студенттері қатысты.
Аталған жиын турасында Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шымтөрееваның айтуынша, кездесу ерекше форматта ұйымдастырылды. Ашып айтсақ, ақ жаулықты аналар қоғамдағы қолданысы тарылып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді, отбасы құндылығын, шаңырақтағы ер мен әйелдің рөлін сахналық қойылым арқылы жастарға ұғындырды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жас отбасыларда ажырасу жиі кездеседі. Бұл мәселенің шешімі отбасындағы ер мен әйелдің арасындағы сыйластық пен түсіністікте жатыр. Олар бір-бірін құрметтей білсе, мұндай түйткілдер тумайды. Отбасы бақытына шаңырақтың әрбір мүшесі үлес қосуы керек. Сонда ғана мерекелі де берекелі, ынтымағы жарасқан жанұя болады. Осы пікірді алға тартқан Политехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Дана Сайлау ойын былайша өрбітті «Оқу орнында жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың жеке тұлға болып қалыптасуында игі тірліктер атқарып келеміз. Бүгін «отбасындағы құндылықтар», «отбасын қалай сақтап қалуға болады?» деген өзекті тақырыптарды жастармен бірге талқыладық. Колледж студенттері аналармен бірге отбасы жайлы сахналық көріністерді дайындады. Бұдан жастардың ұғынатыны көп. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, сол жағдайда бір ғана ұстаным – бір-біріне кешірімді болу. Сонда ғана шаңырақта сыйластық пен түсіністік болады».
Жалпы жастарға рухани азық болатын мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен өтетін шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.