«311 БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАТТАУДАН ӨТКЕН ЖОҚ»

Білім – барлық саланың қайнар көзі. Еңбек нарығына қажет сапалы кадрлардың қалыптасуы да білімге тікелей байланысты. Сәйкесінше, жыл сайын аталған салаға ауқымды қаражат бөлінеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту ісі де назардан тыс қалмаған. Әйтсе де тұрғындар тарапынан түрлі сын айтылып, мәселелер көтеріліп жататыны жасырын емес. Осы орайда, бірқатар сауалдарға жауап алу мақсатында газетіміздің бүгінгі санында Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Ғалымжан Алматовпен болған сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ғалымжан Бауыржанұлы, әңгімемізді өзіңіз басқаратын департаменттің қызметінен бастасақ. Міндеті қандай? Қызметінде қандай ерекшеліктер бар?
— Білім саласы қаншалықты дамыса, қоғам соншалықты гүлдене түседі. Бұл – дәлелді қажет етпейтін ұйғарым. Қазіргі таңда алды әлем алпауыттарынан бастап, дамушы елдерге дейін дәл осы саланы бәсекеге қабілетті етуге барын салуда. Өйткені бала бойындағы қабілетті дамыту арқылы жаһанды мойындататын тұлғаны тәрбиелеуге болады. Ал мұның артында білім беру мекемелерінің жемісті жұмысы жатыр. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қыруар қаржы мен жасалып жатқан мүмкіндіктердің сұрауы болуы тиіс. Міне, біздің мекемеміз дәл осы стандарттарды бақылайды, тексереді, қажет болса, білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіруге атсалысады. Бәрі түсініктірек болуы үшін нақты статистиканы келтіре кетейін. Қазіргі уақытта Түркістан облысында 2556 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 52 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, 1012 мектеп, 1364 балабақша, 124 қосымша білім беру ұйымы және 4 жетімдер үйі бар. Біздің департамент дәл осы білім саласындағы мекемелерге сырттай бағалау жүргізу арқылы саладағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады

— Білім саласына қыруар қаржы құйылғандықтан, оның тиімді не тиімсіз жұмсалғанын анықтау керек-ақ. Осы орайда, мекеменің білім беру жүйесін мемлекеттік стандарттарға сай немесе сай емесін анықтау мақсатында мемлекеттік аттестаттау жүргізетінінен хабарымыз бар. Өңірде қанша мекеме аттестаттаудан өтпеді?
— Ашығын айтсақ, нәтиже көңіл көншітпейді. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылы 366 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау өткізу жоспарланған болатын. Оның ішінде 218 балабақша, 139 мектеп пен 9 колледж бар. Ал енді қорытындыға келсек, аталған білім беру ұйымының тек 54-і немесе 14,7 пайызы ғана аттестатталды. Яғни 218 балабақшаның 32-сі, 139 мектептің 22-сі ғана аттестаттаудан өтіп отыр. Ал қалған 186 балабақша, 117 мектеп пен 8 колледж талаптарға сәйкес емес. Сонымен қатар қайта мемлекеттік аттестаттау барысында кемшіліктер толық жойылған 233 білім беру ұйымының есебі бойынша кемшіліктер жойылып, талаптарға сәйкес деп танылып, қайта аттестатталды. Әрине, білім беру ұйымдарын аттестаттау қатаң жүргізіледі. Сондықтан сүрінгендері көп. Әйткенмен алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылады деген ойдамын.

— Білім беру ұйымында қандай да бір заңға томпақ келетін әрекетті аңғарған тұрғындар қайда шағымданарын білмей жатады. Сіз басқарып отырған департамент дәл осы мәселелермен айналысатынын жақсы білеміз. Ал келіп түскен арыз бен өтініш қараусыз қалып жатқан жоқ па?
— Арыз-өтініштер қараусыз қалмайды. Мәселен, 2022 жылы бізге барлығы 314 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 106 хат электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы қабылданса, 208 хабарлама Е-Өтініш порталы арқылы жіберілген. Оның ішінде 12 сұраныс, 22 хабарлама, 41 шағым мен 239 өтініш бар. Күні бүгінге дейін оның 162-сі қаралды. 117 хабарлама өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Ал енді өзіміздің департаменттің құзырындағы жұмыстарға тоқталайын. Департаментке жолданған 31 өтініш бойынша білім беру ұйымдарына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 29 арыз бойынша бұзушылық анықталып, нұсқама берілді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініш-арыздары негізінде 21 әкімшілік іс қозғалды. 7 заңды тұлғаға 105 АЕК немесе 321 615 теңге, 14 лауазымды тұлғаға 230 АЕК немесе 704 490 теңге, 21 әкімшілік іс бойынша 335 АЕК немесе 1 026 105 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, департаменттің өткен жылдың есебі бойынша 39 білім беру ұйымында нұсқаманың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның ішінде, 12 колледж, 27 мектеп бар. Тексеру барысында талаптардың орындалуы бойынша бұзушылықтар жойылмаған 3 мектепке хаттама толтырылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-тармағы бойынша іс сотқа өткізілді.

— Білім беру ісін лицензия алмай жүргізу мүмкін емес. Ал лицензияға өтінім бергендер барша талаптарды ескеріп жатыр ма? Әлде өтініштері кейін қайтарылғандарының саны көп пе?
— 2022 жылы электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 320 лицензия және лицензияға қосымша алу туралы өтініш түсті. Бұл – жақсы нәтиже. Оның 92-сі немесе 28,75 пайызы қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 228-і немесе 71,2 пайызының өтінішінен бас тартылды. Тарқатар болсақ, 45 білім беру ұйымына лицензия және лизенцияға қосымша берілді. Мекемелердің екеуі мемлекеттік болса, қалған 42-і – жекеменшік мектеп. Сондай-ақ 37 лицензияға қосымша да беріліп отыр.
Бұдан бөлек, лицензия және лицензияға қосымшаны қайта рәсімдеу бойынша 13 өтініш түсті. Оның 9-ы қайта рәсімделсе, 4-еуінен бас тартылды.

— Білім беру ұйымдарының жұмыстарына мониторинг жүргізілетінін айтып өттіңіз. Бүгінде қандай кемшіліктер жиі қайталанады?
— Әрине, талаптарға сәйкес келмейтін деректер баршылық. Бірқатарына тоқталар болсам, былтыр жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде өткізілу деңгейінің сәйкестігін анықтау мақсатында зерделеу жүргізілді. Нақтырағы, 228 педагогтың сабағы қамтылды. Нәтижесінде, 123 педагогтың сабақ өткізу деңгейі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты қосымша төлем бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар 2022 жылы білім беру ұйымдарына 366 педагог жұмысқа қабылданған. Ал 322 педагогты қабылдау кезінде конкурс ережелері сақталмаған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптары бұзылған. Нәтижесінде 90 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, облыста 150 мектеп күрделі жөндеуді қажет еткен болатын. Оның 29-на өткен жылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 16 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылға өтпелі болып отыр.
Сонымен қатар мектептердің материалдық-техникалық базамен қамтылу көрсеткіші бойынша да көңіл аударуымыз тиіс жайттар баршылық. Ашып айтсақ, 149 мектепте спорт залы жоқ. 16 мектеп интернет желісімен қамтылмаған. Бастауыш сыныптар үшін жеке пайдалануға арналған шкафтармен қамтамасыз етілмеген мектептердің саны 800-ге жуықтайды. Міне, осы секілді мәселер жеткілікті.

— Бұрындары ұстаздарды сенбілікке мәжбүрлеп шығару, әкімдіктің жұмыстарына жегу сынды келеңсіздіктер жиі кездесіп жататын. Бүгінде бұл мәселелер шешімін тапты ма әлде олқылықтар әлі де бар ма?
— Сіз атап өткен түйткілдер уақыт өткен сайын азайып, шешімін тауып келе жатыр. Бүгінде мұғалімдердің құқығын қорғауды мақсат еткен педагогикалық әдеп және педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік-кеңесші орган жұмыс істейді. Аталған органның жұмыс жоспарына сәйкес, былтыр барлығы 5 рет отырыс өтті. Онда 17 мәселе қаралды. Қаралған мәселелер бойынша білім беру ұйымдарының басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар беріліп, 3 білім беру ұйымының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қарау қорытындылары туралы ақпарат департаменттің әлеуметтік желілеріне тұрақты түрде жарияланып отыратынын айта кетейін. Яғни бәрі ашық та айқын. Кез келген азамат көріп, таныса алады.

— Түсінікті. Жоғарыда материалдық-техникалық базамен толықтай қамтылмаған мекемелердің барын айтып өттіңіз. Бұл бойынша қандай да бір мекемелерге ұсынымдар жіберілді ме? Әлде департамент жұмысы тек мәселені анықтаумен ғана шектеле ме?
— Жоқ. Департамент міндетіне мәселелерді анықтаумен қатар, түйткілдің шешілуіне атсалысу да кіреді. Күні бүгінге дейін біздің мекемеміздің атынан білім саласындағы мәселелер бойынша облыс әкіміне, облыстық мәслихатқа, «АMANAT» партиясына, прокуратураға, тиісті сала басқармаларына 26 хат жолданды. Оның ішінде, мемлекеттік аттестаттау нәтижесі бойынша анықталған білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеуі, спорт және акт залының, асхананың жоқтығы, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер, интернет жылдамдығының төмендігі, лицензия және қосымша алмаған білім беру ұйымдары, үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептер сынды мәселелер бар.
Бұдан бөлек, департамент тарапынан Түркістан облысы бойынша жалпы 12 халықпен кездесу ұйымдастырылып, 33 семинар өткізілді. Оның 16-сы мектепке дейінгі ұйымдар, 14-і жалпы орта білім беру ұйымдары, 3-і ТжКБ ұйымдарына арналды. Сонымен бірге білім саласының мәселелері бойынша 13 тікелей эфир өтті. Білім беру саласының жағдайы туралы кешенді талдамалық ақпараттар тұрақты түрде Комитетке жолданады. Қазіргі таңға дейін мемлекеттік аттестаттау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар, білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығының төмендігі, білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы жоқ мектептер, спорт және акт залының, асхананың жоқтығы және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша ақпараттар жолданған.
Сонымен қатар мекемеміз тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және «Педагог мәртебесі туралы» Заңына өзгерістер енгізу бойынша да ұсыныстар жібердік. Мұның өзі заман талабынан туған мәселелер екенін айрықша айта кеткім келеді. Ашып айтудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта өзгерістер енгізіліп жатса, тарқатып айтамын. Әзірге департамент тарапынан білім саласының дамуына барынша үлес қосу мен педагогтердің мәртебесін көтеру бағытында ауқымды істер атқарылып жатыр. Жұмыс қарқыны алдағы уақытта артпаса, бәсеңсімейді. Өйткені еліміздің дамуы, қоғамымыздың гүлденуі дәл осы салаға тікелей байланысты.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан, С.НҰРАЙ.