КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Елімізде тұрғындар тарапынан жиі қозғалатын мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Соңғы жылдары қала мен облыс орталықтарынан шалғайда жатқан бірқатар елді мекендердегі көгілдір отын, ауыз мен электр жарығы мәселесі шешімін тапты. Жұмыс мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта да әлеуметтің көкейін тескен түйткілдерді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Мәселен, Қазығұрт ауданында 62 елді мекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 79 пайызды құрады. Табиғи газ жүйесі жүргізілген 49 елді мекеннің 48-індегі тұрғындар табиғи газды пайдаланып отыр. Ал 1 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Ол – Сарапхана ауылдық округіндегі Талдыбұлақ елді мекені. Сарапхана ауылдық округінде табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Атап айтқанда, 2020 жылы ауылдық округтің Майлыошақ елді мекені толық табиғи газбен қамтамасыз етілген. Былтыр ауылдық округке қарасты Талдыбұлақ елді мекеніне табиғи газ тарту бойынша құрылыс жұмыстары атқарылып, бүгінде елді мекендегі 64 отбасының үйін табиғи газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы 2023-2024 жылдары Сарапхана ауылдық округіне қарасты Бақабұлақ елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы 3 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, аудан бойынша жалпы саны 52 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жалпы аудан бойынша 20 мыңнан аса тұрғын үй бар. Бүгінгі күнде оның 15 мыңнан астамы табиғи газға қосылған.