«АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ, АЛДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР ДЕ АЗ ЕМЕС»

Құрметті Шымкент қаласының
тұрғындары!
Шымкент қаласы маслихатының экс-депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі ретінде 10 ай көлемінде атқарған жұмыстарымды баяндап өтейін. Наурыз айынан бастап депутаттық мандатқа ие болып, мәслихат тарапынан Қаратау ауданының Қайтпас-1 елді мекені мен Нұртас шағынауданына жауапты болып бекітілдім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай, осы уақыт аралығында өз аумағым бойынша тұрғындармен етене араласып, көкейдегі жүрген мәселелерімен таныстым. Атап айтқанда бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесі жергілікті тұрғындардың негізгі мәселесіне айналғанын көрдім. Мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етіп, аудан әкімімен де кездесулерді ұйымдастырдым. Бірқатар оң өзгерістер шешімін тапты.
Фракция мүшесі ретінде AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында түзілген Жол картасында өзіме бекітілген іс-шаралардың орындалуын қадағалау және жүзеге асыру бойынша жиындар, нысандарға барып бақылау, көшпелі жиындар өткіздім. Жол картасындағы спорт, инфрақұрылым тармақтарының орындалуына жауапты болғандықтан, өзімнің тарапымнан тиісті басқармалармен байланысып, 6 депутаттық сауал жолдап, бақылауда ұстадым.
Нәтижесінде 4 спорт кешені, 7 стрит-воркаут, 117 спорт алаңшалары салынды. 369 көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылды. 225 спорттық секция ашылды. 600-ге жуық спорттық шаралар ұйымдастырылып, 45 мыңнан астам қатысушы қамтылды. Спортпен шұғылданушылар санын 31%-ға жеткізу жоспарланып, бүгінде 36,2%-ды құрап отырғаны қуантарлық жағдай десек те болады. Ал инфрақұрылым саласында «Бозарық», «Ақжар», «1-М-1» подстанциялары, «АГРС-3» нысаны іске қосылды. Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы жолайрық қолданысқа беріліп, қоғамдық көлік саласында 590 жаңа автобус бағыттарға қойылды. 100% қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізілді. «Шымкент байк» жүйесі іске қосылды.
Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасында жоспарланған іс-шаралар негізінде партиялық жобалар бойынша нақты жұмыстарды жүргіздім. «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Халыққа көмек», «Жастар Отанға», «Қайсар» жобалары аясында іс-шараларға қолдау білдіріп, атсалыстым.
Ал «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы бойынша 20 оқушыға арнайы мектепке қажетті заттар мен сөмкелер табыстадым. «Тазалайық» акциясына да белсенді атсалыстым. Бұқаралық спортты дамытуға қолайлы жағдай жасау бағыты бойынша «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесе отырып, жастар арасында спорттық сайыстар өткізуге қолдау білдірдім.
Партияның қалалық филиалының бекітілген кестесіне сәйкес және аудандық филиалдың қоғамдық қабылдауларында 5 қоғамдық қабылдау өткіздім. Қоғамдық қабылдау барысында 40 тұрғынның мәселелерінің 90 пайызы оң шешіліп, 10 пайызына заң аясында түсініктер берілді.
AMANAT партиясының Қаратау аудандық филиалына қарасты «Нұртас» бастауыш партия ұйымының төрағасы болып сайландым. БПҰ дамыту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бастауыш партия ұйымының мүшелерімен бірге еліміздегі болып жатқан қоғамдық-саяси іс-шараларға белсене қатыстық. Жалпыхалықтық референдумда, Жолдауды насихаттауда, Қостанайға көмек көрсету, ҚР кезектен тыс Президенттік сайлауда қарқынды жұмыстар атқардық.
Сондай-ақ партияның қалалық филиалының жанындағы Агро-өнеркәсіп комитетінің төрағасы, партияның Қаратау аудандық филиалының жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде қаладағы өзекті саналатын мәселелерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдадым.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының, партия төрағасының ұстанымдарын, жергілікті қоғамдық іс-шараларды насихаттау мақсатында әлеуметтік желідегі жеке парақшамда 600 материал жариялап, газеттер мен ютуб және электронды порталдарда 5 рет сұхбат беріп, 15 мақала жарияладым.
Өңіріміздің қоғамдық-саяси жұмысына белсене араласып, Грузия, Әзірбайжан мемлекеттеріне делегат ретінде іссапарда болдым. Сондай-ақ партияның кезектен тыс Съезіне және Ел Президентін ұлықтау рәсіміне қатысып, үлкен тәжірибе жинадым.
Партияның белсенді мүшесі, экс-депутат, аудандық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Нұртас» бастауыш партия ұйымының төрағасы, партияның қалалық филиалының жанындағы Агро-өнеркәсіп комитетінің төрағасы ретінде 10 ай көлемінде белсене жұмыс істедім. Халықтың талап-тілектері мен ұсыныстарын ескеріп, қолымнан келгенше шешуге атсалыстым. Ендігі кезекте алдағы өтетін саяси науқанда партияластармен бірге жұмыс атқарамыз деген сенімдемін. «Бірлік болмай, тірлік болмас!» дегендей тек жұмыла жұмыс істейік! Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын.

Қайрат
Есенбекұлы ИМАШЕВ.