ТӨЛЕБИГЕ КЕЛГЕН ТУРИСТЕР САНЫ 35 МЫҢНАН АСЫП ЖЫҒЫЛДЫ
Туризм саласы бүгінде экономиканың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Аталған салаға маманданған елдер жыл сайын миллиондаған турист қабылдап, миллиардтаған табыс табады. Тіпті, кейбір елдерде туризм табыс әкелетін және бюджетінің негізгі бөлігін құрайтын сала саналатынын да жақсы білеміз. Осы орайда, елімізде аталған саланы дамытуға барынша көңіл бөлініп келе жатыр.
Жалпы Қазақстандағы туризмнің әлеуеті жоғары. Елімізде тарихи, мәдени орындар жетерлік. Сонымен қатар тұмса табиғатымен туристерді өзіне тартатын жерлер де көп. Оның ішінде Түркістан облысының әлеуеті айрықша жоғары. Өйткені еліміздегі тарихи әрі мәдени орындардың дені аталған өңірде шоғырланған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы таулы аймақтарда қысқы спорт түрлері кең сұранысқа ие. Мәселен, бүгінгі таңда Төлеби ауданында туристік 76 нысан жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында 1 шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы мен 64 саяжай бар. Қазіргі таңға дейін ауданға 34 мыңнан астам демалушы келіп, жалпы 662 млн 416 мың тенгеге қызмет көрсетілген. Бұл аз көрсеткіш емес. Қала берді, жыл сайын аталған өңірге келетін қонақтардың қатары да қалыңдап келе жатыр.
Төлеби ауданының демалыс орындары тұрғындарға жыл мезгілдеріне орай тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Қыс мезгілінде таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебу үшін «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы, «Алма-тау» тау курорты қызмет көрсетеді. Ал емделушілерге «Біркөлік» санаториясы, «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығы жұмыс істеуде. Балық аулауға арналған «Сақ» демалыс аймағындағы 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде. Сонымен қатар тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» құрылысы жүріп жатыр. Кешен іске қосылғанда туристер саны едәуір артады деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, туристік әлеуеті зор аймақта бірқатар маңызды шаралар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Мұның өзі келер туристер ағынын арттыруға сеп болары бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Тұмса табиғатымен тәнті етер Төлебидің мүмкіндігі кең. Бұл – дәлелді қажет етпейтін ұйғарым!