ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ МҰРАТ ӘЙТЕНОВКЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАҒАН БАСШЫ ДЕП БАҒА БЕРДІ

қайта тағайындалған қала әкіміне үлкен сенім артылып отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. Қалалық мәслихат депутаттарының басым көпшілігі Мұрат Дүйсенбекұлының осы күнге дейін атқарған жемісті жұмысын ескере отырып, қала әкімі лауазымына қайта тағайындауға келісім берді.

Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласын 2020 жылдың 21 қаңтарынан бастап басқарып келеді. Міне сол уақыттан бері үшінші мегаполисте қоғамның барлық саласы қатар дамуда. Өнеркәсіп саласы өркендей түсті. Шағын және орта бизнестің әлеуеті артты. Құрылыс саласы қарқын алып, инвестиция көлемі өсті. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Білім саласындағы өзекті мәселелер де шешімін тауып келеді. Осы тұста нақты сандарды сөйлетер болсақ, ағымдағы жылдың қаңтары мен қыркүйегі арасында үшінші мегаполистегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 666 млрд теңгеден асып жығылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,7 пайыз болып отыр. Қалаға қаржы құюға ниетті инвесторларға жасалған жағдайлардың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде айрықша өсім байқалуда. Мәселен, кокс және мұнай өнімдерін өндіру 24,5 пайызға, химия өнеркәсібі 25,2 пайызға, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндіру 16,9 пайызға, резина мен пластмасса бұйымдар 7,9 пайызға, дайын металл бұйымдарын өндіру 16,7 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 4,9 пайызға өскен. Осы тұста айта кетерлігі, бүгінде әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Осының салдарынан логистикалық тізбек бұзылып, бірқатар елдерде өндіріс саласы тұралап қалды. Импортқа тікелей тәуелді елдерде инфляция күшейіп, жұмыс орындары қысқарып та жатыр. Ал бұл тұрғыдан келгенде Шымкенттің бәсі биік. Өйткені қалада жаңа жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тарту мәселесі қала әкімінің тікелей тапсырмасымен сәтті жүзеге асып келеді.
Шымкент – инвестиция тарту бойынша еліміздегі өзге өңірлердің арасында оқ бойы озық келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында шаһарға 327,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Қарап отырсақ, қалаға құйылар қаржының көлемі бірнеше жыл қатарынан өсіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар да қала басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асуда. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасады. Мәселен, 2022-2026 жылдарға арналған жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 283 жобаның пулы жасақталған. Оның 66-сы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Оны жүзеге асыру үшін қалаға 622 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Айрықша айта кетерлігі, биылдың өзінде Шымкентте импортты алмастыруға қауқарлы сапалы да бағасы арзан өнімдер шығаратын бірнеше кәсіпорын қызметін бастады. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға айрықша қолдау болды десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені жұмысын бастаған кәсіпкерлік мекемелер бюджеттің бүйірін толтырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп. Бұдан бөлек, үшінші мегаполис аумағында индустриалды аймақтардың қатарын толықтыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Күні бүгінде шаһар аумағында 886 га-ны құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 237 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, отандық өнімнің әлеуетін арттыру, импорттық тауарларға деген тәуелділікті жою жергілікті әкімдік баса назарда ұстап отырған бағыттар саналады.
Үшінші мегаполисте кәсіпкерлік сала да қарқынды дамып келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, шаһарда 101 мыңнан аса кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға жоғары. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға биылға 15,7 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері 11,1 млрд теңгеге 3 мыңнан аса жобаға қолдау көрсетіліпі отыр. Осының арқасында, «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары арқылы кәсіп иелеріне көмектер берілді. Бұдан бөлек, қалада «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы сәтті жүзеге асып келе жатыр. Атқарылған жемісті жұмыстардың арқасында кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандардың қатары уақыт өткен сайын қалыңдай түсуде. Қала аумағында ауыл шаруашылығының дамуына да көңіл бөлінген. Ет пен сүт өнімі көлемінің артып отырғаны – мұның айқын айғағы.
Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы биылға 33,5 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделсе, нақты 29 мыңнан аса адам жұмыс орнына орналастырылған. Жоспар 87,4 пайызға орындалып отыр. Жыл соңына дейін межелі көрсеткіштен асады деп күтілуде. Кәсіби білім беру бойынша азаматтарды оқыту қазірдің өзінде 40,2 пайызға артығымен орындалып отыр. Биыл кәсіпкерлікті қолдау бойынша 3050 адамға көмек көрсетілуі тиіс болса, нақты мәнде 12 102 адамға көмек көрсетіліп, жоспар 4 есе артығымен жүзеге асқан. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерге барынша көмектер көрсетілуде. 2022 жылдың өзінде қала аумағында бірнеше әлеуметтік орталық ашылып, жұмысын жемісті жүргізіп келеді. Бірқатар нысандардың ашылуына шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтың өзі арнайы қатысып, саланың тікелей бақылауында екенін айқын аңғартты.
Білім мен медицина саласында да ауыз толтырып айтар жаңалық көп. Қазіргі уақытта еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі мектептердегі орын тапшылығы екені даусыз. Бұл тұрғыдан келгенде үшінші мегаполистің мерейі үстем. Нақтырағы, қалада білім берудің сапасын арттыру мақсатында 2025 жылға дейін 26 мыңнан аса оқушыға арналған 101 мектептің құрылысы жоспарланған. Межелі көрсеткішке жету үшін былтыр 25 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 33 мектеп қолданысқа тапсырылды. Осының арқасында үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке төмендеп отыр. Сонымен қатар мектеп ғимараттарын жөндеуден өткізу мен қосымша оқу ғимараттарын салу жұмысы да қарқынды жүруде. Денсаулық сақтау саласына ойыссақ, кадрлардың біліктілігін арттыру бастамасы жүзеге асып жатыр. Биылдың өзінде 5 мыңнан аса дәрігер біліктілігін арттырып, саладағы қызмет сапасының артуына үлес қосуда. Бұдан бөлек, 4 медициналық ұйым ашылып, 50 мыңнан аса тұрғынға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұрындары күрделі ота жасату үшін алды Алматы мен Астанаға, соңы өзге елдерге жол тартатын тұрғындардың дені бүгінде қаладағы медициналық мекемелердің қызметіне жүгінетін болған. Мұның өзі жаңарған материалдық-техникалық базаның арқасында мүмкін болып отыр.
Шымкенттің республикалық қала мәртебесін алғанына да көп бола қойған жоқ. Сәйкесінше, қалаға инженерлік инфрақұрылым мәселелері толық шешімін таппаған бірқатар елді мекендер қосылды. Қазіргі уақытта міне осы аумақтарды сапалы электр жарығымен, көгілдір отынмен, ауыз су және кәрізбен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде бірнеше елді мекен мен шағынаудандағы тұрғындар қозғап келген инфрақұрылым түйткілдерінің түйіні ағытылды. Қыруар қаржы бөлінген құрылыстардың сапасын шаһар басшысы арнайы тексеріп, тұрғындармен де тілдесіп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Нәтижесінде ағымдағы жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту көрсеткіші 94,7 пайызға, сапалы электр жарығымен қамту көрсеткіші 98 пайызға, ал кәрізбен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетпек. Жол құрылысына келсек, 2022 жылы 361 шақырымнан аса жол мен көшеге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, биыл Т.Рысқұлов көшесі мен Д.Қонаев даңғылының қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде Бәйдібек би даңғылы мен Ұ.Арғынбеков көшесі қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Демек аталған көшелердегі көлік кептелісі мәселесінің шешілер күні де алыс емес.
Қорыта айтқанда, Мұрат Дүйсенбекұлының Шымкент қаласы әкімінің тізгінін қолына алған уақытынан бері бірқатар игі бастамалар қолға алынды. Нәтижесінде үшінші мегаполистің даму әлеуеті республикалық деңгейде мойындалды. Сан түрлі саладағы көрсеткіштер сараланған Үкімет отырысында шаһардың нәтижесі жоғары болды. Мұны нақты статистика көрсетіп отыр. Сондықтан болар халық қалаулыларының қатысуымен өткен есепті кездесулерде елдің құрметіне ие болған шаһар басшысына мәслихат депутаттары тағы да сенім артып отыр. Жиын барысында Мұрат Дүйсенбекұлы «Үлкен жауапкершілік жүктеп отырсыздар. Үміт пен сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Шымкенттің дамуында білімім мен күш-жігерімді барынша жұмсай отырып, өздеріңізбен бірлесе жұмысты ары қарай да жалғастыратын боламыз» деп атап өтті. Қош делік, шырайды Шымкенттің мерейін үстем етер тың бастамаларыңыз бен жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, Мұрат Дүйсенбекұлы!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.