«ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІНДЕГІ ҰЛЫ СӘТТЕРДЕН…»

Тәуелсіз еліміздің Президентін сайлау науқаны өте қарқынды жүзеге асырылды. Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі қалалық қоғамдық штабтың мүшесі ретінде сайлаушылармен етене араласып, үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргіздім. Халықтық коалицияға біріккен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер барынша атсалысты. Дана халқымыз «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын!» дегендей, қиын-қыстау заманда бір көшбасшының жанына топтасып, бірлігіміздің мызғымастығын дәлелдедік. Осындай сәтте баршамыз жұмылғанымыз еліміздің болашағы үшін бей-жай қарамайтынымыздың көрінісі деп ұқтым.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде барлық қолдау білдірген азаматтарға алғысын айтып, «қызмет – уақытша, ал халық — мәңгі» деп нақтылай түсті. Осы сөзден кейін барша қатысушылар өздерінің ыстық сезімдерін бір-біріне мақтанышпен жеткізе бастады.
Ел Президенті халқымыздың болашағы үшін жеті жылдың ішінде лайықты өмір сүруге жағдай жасалатынын айтты. Бірқатар заңдар қабылданып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын басшылыққа алып, бірінші кезекте ауыл мәселесін жоғары деңгейде көтеретінін мәлімдеді. Бұл сөз барлық қазақстандықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын. «Ауыл – киелі алтын бесік» екенін нықтап айтып өтті. Өте орынды әрі дер кезінде жасалып жатқан қадамдар деп санаймын. Ауыл – экономикалық дамудың негізгі драйвері екені белгілі. Ауылды көркейту арқылы мемлекетіміздің іргетасын бекемдей түспекпіз.
Әр еңбек адамына деген құрмет ерекше көрсетілетіні қуантып отыр. Сонда ғана қоғамда теңдік пен әділеттілік орын алатыны сөзсіз. Жиын соңына қарай «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!» ұранымен баршамыз бірлесе қолдау білдірдік. Мемлекет басшысының саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы реформалары – елдің игілігі үшін іске асырылып жатқан үрдіс екені анық. Осы бағытта әр азамат өзінің үлесін қосуы тиіс деп санаймын!
Күннің қорытынды сәтінде «Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз бір» атты салтанатты мерекелік концерттік бағдаламаға қатысып, патриоттық әндерді тыңдадық. Ұлықтаудағы ұлы азаматтардың ұлылығын көрсеткен халқымыздың ынтымағы мен татулығы мәңгі болғай!

Қайрат Имашев,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы
фракциясының мүшесі.