САЙРАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛЫП ОТЫР

Түркістан облысының әкімі сайрамдықтармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жалпы Сайрам – жекеменшік мектеп салудан көшбасшы аудан. Жуырда ауданға қарасты Ақсукент ауылында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл – бір ғана Сайрам ауданында жеке кәсіпкерлер тарапынан 7 айда салынған 7-ші мектеп. Қазіргі уақытта Манкентте 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүруде.

Жалпы өңір басшысымен өткен кездесу барысында Сайрам тұрғындары аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Ауданда мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Есептік кездесуде «Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі Сайрамның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Ауылдарды дамытуға басты басымдық беріледі. Жаңа ғана мен ауданда салынған жаңа мектептің ашылуында болдым. Жекеменшік мектеп салудан Сайрам көш бастап тұр. Бұл – үлгілі іс. Мектеп тапшылығын шешу үшін биыл облыста 59 жаңа мектеп салынып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы 86 мектеп салынады. Онда 60 мың бала білім алатын болады. Бұдан бөлек, Манкент елді мекенінде, Ақсу, Ақбұлақ ауылдарында 3 жаңа 600 орындық мектептердің құрылысы жоспарлануда» деп атап өтті өңір басшысы.
Аудандағы Ақсу-Манкент-Жібек-Жолы автомобиль жолдарына жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйелері жаңартылады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл Сайрам ауданындағы 7 елді мекенде жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін ауданда 7 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан тұрғындарының 220 мыңнан астамы ауыз сумен қамтылса, ал 80%-ға жуығы табиғи газбен қамтылған. Алты ауылда орталықтандырылған газбен қамту бойынша жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда. Аудандық маңызы бар 6 жолды және 2 көпірді күрделі жөндеу жұмыстарына 2,4 млрд теңге бөлінген. Биыл ауданда мемлекеттік қолдауымен 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.
Сайрамдықтармен пікір алмасып, өтініштер мен сұрақтарға жауап берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық мәселенің заң аясында шешілетінін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұдан бөлек, облыс әкімі жеке кәсіпкер Н.Сулайманов салған 1200 орындық мектептің ашылуына қатысты. Инвестор Сайрамда бір жылда 7 мектеп салған. Тағы алты мектеп құрылысын бастауға дайын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан ашылған білім ұясымен танысып, мектеп ауласына ағаш отырғызды.
Кәсіпкерлік сала да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Нақтырағы, жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды сүт өнімдерін өндіретін «Aykan» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорында сүт сарысуынан өндірісте қолданатын ұнтақ шығаратын жаңа технология іске қосылды. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ қалдықсыз өндіріс. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалаған облыс әкімі шаруаларымен де жүздесті. Диқандар жылына бірнеше өнім алудың сырымен бөлісіп, мемлекет тарапынан берілетін көмектің артқанына алғыстарын айтты. Аймақ басшысы 10 мыңнан астам мал басына арналған мал бордақылайтын ферма мен ет өңдейтін цех қызметімен де танысып қайтты. 56 гектар жерде орналасқан өндіріс орны жылына 5 мың тонна ет өндіреді. 1 мың тоннаға жуық ет көрші елдерге эскпортталады. Енді мұнда Түркиядан арнайы алдырылған жаңа технология іске қосылып отыр. Енді өндіріс көлемі де айтарлықтай артпақ.