ШЫЛЫМ ШЕГЕТІН ЖАСТАРДЫҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢДАП БАРАДЫ
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың тәжірибесі мен білімі елдің болашақ даму бағытын айқындайды. Десе де бүгінде жастар арасында мәселе көп. Мәселен, бір жыл ішінде шылым шегетін жастар қатары қалыңдаған.
Ересек азаматтардың темекі тұтынуына қатысты жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 20,4 пайызы темекі тартады. Оның ішінде ер азаматтардың 38,4 пайызы, әйелдердің 8,4 пайызы шылым шегеді. Респонденттердің 16,6 пайызы күн сайын шексе, 3,8 пайызы анда-санда жүгінетін болып шыққан. Темекі түтінінен өз үйінде зардап шегетіндер үлесі 12,8 пайызды, жұмыста 8,1 пайызды, қоғамдық тамақтану орындарында 10,5 пайызды құрайды.
Аймақтарға ойыссақ, темекі өнімдерін ең көп тұтынатын өңірлердің көшін Қарағанды бастап тұр. Ондағы респонденттердің 25,4 пайызы шылым шегетін болып шықты. Одан кейінгі орында 24,6 пайызбен Павлодар мен Жамбыл облыстары тұр. Бір қызығы, сауалнамаға қатысқандардың 85,5 пайызы аталған жаман әдет ауыр сырқаттар тудырады деп санайды. Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салу туралы заңнаманы қолдайтындар – 67,7 пайыз болып отыр. 2022 жылы былтырмен салыстырғанда 18-28, сондай-ақ 60 және одан жоғары жас топтарындағы азаматтар арасында шылым шегетіндер артқан. Қалған жас топтарында азайған.
Қорыта айтқанда, жастардың жаман әдетке баруы жиілеп барады. Синтетикалық есірткі тұтыну көлемі де артуда. Өскелең ұрпақтың сапалық көрсеткішін жоғарылатуды көздесек, аталған мәселеден айналып өтуге болмайтыны анық. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе.