ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Бүгінгі таңда маңызды құжатта айтылған бастамалар мен жоспарлар жайын халыққа түсіндіру мақсатында жиындар өткізіліп те келе жатыр. Мәселен, осы аптада Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев №106 мектеп мұғалімдерімен кездесіп, алдағы уақытта Жолдау аясында атқарылатын жұмыстар жайын баяндады.
Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғындарымен өткен кездесу барысында халық қалаулысы мемлекет басшысының Жолдауда тілге тиек еткен бастамалары халықтың әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететінін айтты. Нақтырағы, халық қалаулысы «Мемлекет басшысы өз Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшері өсетінін жеткізді. «Еңбекақының нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатының басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді» деген еді. Алдағы уақытта зейнетақы жүйесі де қайта жаңғырады. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, жоғары шегі 120 пайызына жетеді. 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Демек 2 миллионға жуық азаматтың табысы артады. Зейнетақы мөлшері көбейеді. Бұл әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың салқынын қымбатшылық арқылы сезіп отырған бұқараға көрсетілген қолдау. Перзиденттің осы Жолдауы әлеуметтің әлеуетіне тікелей әсер етері анық» деп атап өтті.
Өз кезегінде, жиынға қатысушы педагогтар Жолдауда айтылған міндеттерді орындаудағы ұстаздардың маңызы мен міндетіне тоқталып, мемлекет басшысының барша бастамаларын қолдайтындарын жеткізді. «Әр Жолдау жарияланғанда ықылас қойып тыңдаймыз. Қ.Тоқаевтың барлық бастамасынан зор үміт күтіп, әділетті, бірлігі бекем болған жаңа мемлекеттің қалыптасып жатқанына қуанамыз» дейді №106 мектептің мұғалімі Зухра Дүйсенбекова. Бұдан бөлек, кездесуде Қайнарбұлақ тұрғын алабының инфрақұрылымы, мектепте қосымша білім және үйірмелер үшін орын тапшылығы, балабақша және демалыс аймақтарын салу мәселесі талқыланды.