БҮГІНГІ ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢГІ БОЛАШАҒЫ
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың білімі мен білігі, тәжірибесі мен тәлімі елдің болашақтағы даму бағдарын айқындайды. Сондықтан бүгінгі өскелең ұрпақтың қоғамның сан түрлі саласына деген қызығушылығы қашан да маңызды.
Жалпы Шымкент қаласы жастарының белсенділігі турасында жиі жазып келеміз. Мәселен, жуырда Абай ауданының жастары мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы бастамалар туралы ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Алдымен Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов жастардың жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып келе жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалардың жастарға үлкен қолдау екенін баса айтты. «Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасын алып қарасақ, енді оқу орнын тәмамдаған жас түлек тәжірибе жинау үшін алғашқы жұмыс орнына жолданады. Өз кәсібіңізді ашып, ерекше жобаларды жүзеге асыруды көздесеңіз, мемлекеттік гранттың мүмкіндігін пайдаланыңыз. Жұмыс істейтін жастарды да пәтермен қамту жолға қойылып отыр. Жуырда мемлекет басшысы өз Жолдауында 100 мың жасты жұмыспен қамту, кәсіпкерлігін дамытқысы келген жастар үшін 2,5 пайыздық несие берілетінін айтты» деді Мағжан Исахов.
Соңғы уақытта Шымкент қаласында жастардың дамуына ықпал ететін түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде өзінің тәжірибесін ұштап, білімін толықтырғысы келетін жас мамандарға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді.