ТҰРҒЫНДАР ЖАНАЙҚАЙЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар тасталатын 158 қоқыс полигоны бар. Қалдықтар тасталатын бұл орындардың тек 20 пайызы ғана тиісті талаптарға сай келеді. Ал қалғаны белгіленген ережелерге сай емес. 

Жуырда Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округіндегі Шапырашты және Өтеміс елді мекен тұрғындары әлеуметтік желі арқылы жанайқайларын жеткізді. Олар Төлеби ауданындағы қоқыс тасталатын полигон жұмысына наразылығын білдірді. Себебі қалдықтар тасталған полигонда қоқыстар еш сұрыптаудан өтпейді. Нәтижесінде жағымсыз иіс ауаға тез жайылып етектегі елдің қолқасын қабады. Онымен қоймай полигондағы қоқыстар өртеледі. Бұл жығылғанға жұдырық болып, тұрғындардың тынысын тарылтады.
Осылайша тұрғындар тиісті органға полигон жұмысын тоқтатуды талап етеді.
Соған сәйкес осы аптада Түркістан облысы Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан Сайрам ауданына арнайы барды. Мекеме басшысы ауданның Қарамұрт ауыл округіндегі Шапырашты және Өтеміс елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың шағым талаптарын тыңдады. Департамент өкілі тұрғындар көтерген мәселеге орай нақты қандай шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.
Қазіргі таңда тұрғындардың тынысын тарылтқан полигон иесі «Building Resouree LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екені анықталды. Туындаған мәселеге орай аталған компанияға жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне хат жолданғанын атап өтті.