ЕЛОРДА МӘСЛИХАТЫ АСТАНА АТАУЫН ҚАЙТАРУДЫ ҚОЛДАДЫ

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бас қалаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысты қолдап дауыс берді. Нақтырағы, мәслихат әлеуметтік желілерде және қоғамда талқыланып жатқан депутаттар ұсынысын қарау бойынша қоғамдық тыңдау өткізген болатын.

Онда Қоғамдық кеңес мүшелері елордаға бұрынғы атауын қайтаруды қолдады. Артынша аталған ұсыныс мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралды.
Бас шаһарға бұрынғы атауын қайтару мәселесі талқыланған мәслихаттың кезектен тыс сессиясына 31 депутаттың 25-і қатысты. Сессия қорытындысы бойынша депутаттар ұсынысты қолдап, шешім қабылдады. Енді құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіледі. Бұған дейін мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл процесс бірнеше кезеңнен өтетінін айтқан болатын.
Сонымен қатар мәслихат хатшысы елорда атауын өзгертуге қатысты шығындарға түсінік берген еді. Оның айтуынша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескерсек, шығындар аз болады.
«Уақыт».