НАРЫҚТАҒЫ БАҒА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Жаңа оқу жылының басталуымен нарықтағы баспананы жалға алу бағасы өсті. Өсім тек жалға алу құнымен ғана шектелмейді. Бір жыл ішінде жаңа баспананың құны 19,6, қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 26,4 пайызға өскен. Ал жалдамалы пәтер құны ай сайын 0,4 пайызға қымбаттап отыр.

Еnergyprom дерегінше, шілде айынының өзінде жаңа пәтер — 0,5, ал бір жылда — 19,6 пайызға қымбаттаған. Екінші нарықтағы баспана бағасы бір айда — 0,8, бір жыл ішінде — 26,4 пайызға өскен. Жалдамалы пәтер бағасының өсімі айына — 0,4 пайызды құрап отыр. Ал өткен жылдан бері бұл баға — 20,8 пайызға көтеріліпті.
Сарапшылардың пікірінше, баспана құнының қымбаттауына жанама факторлар әсер етіп отыр. Мәселен, тұрғын үйге қызмет көрсету және жөндеу секторындағы қызметтер бір жылда — 15,3, құрылыс материалдары — 20,5 пайызға өскен. Бұдан бөлек, саладағы импортқа тәуелділік жағдайды ушықтырып отыр. Пәтер жалдауға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда биыл үш есе артқан. Бұл — Ресей мен Украинадан келіп жатқан адамдар санына байланысты. Олардың басым бөлігі Алматыда қалса, кейбірі Ресейге жақын орналасқан қалаларға қоныстануда. Аталған фактор тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.
Сонымен қатар маусым-шілде аралығында доллар бағамы көтеріліп, бір жылда теңге 11,6 пайызға арзандады. Доллардың орташа айлық өсімі — 7,6 пайыз. Сондықтан ұлттық валютаның құнсыздануы – баспана нарығындағы бағаға жанама әсер етуі мүмкін. Қорытынды біреу – баспана бағасы шарықтау үстіне шарықтай береді. Оған әсер етер факторлар да көп. Сұраныс жоғары, отандық өнімнің әлеуеті төмен, теңге тұрақсыз. Не керек, үйлі болудың қамына кіріскен ағайын бағаның арзандауын күтсе, ұтылары анық.