БАССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС ҮШІН БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Түркістан қаласында рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау жағдайы тыйылмай тұр. Мұндай келеңсіздіктерді түпкілікті шешу үшін бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Қондырғылар заңсыз қоқыс тастау жайттары жиі орын алатын аумақтарға қойылады.

Бұл туралы Түркістан облысы бойынша экология департаменті әлеуметтік желідегі парақшасында жазады.
Жуырда Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Нұржас Нұрболаттың жетекшілігімен Түркістан қаласында бей-берекет жатқан қоқыстарды анықтау мақсатында тексеру шараларын жүргізді.
Жүргізілген іс-шара барысында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының маманы «Сергек» жобасының жетекшісі Мақұлбек Сүндетбек, «Көркем Телеком» ЖШС-нің Түркістан облысы бойынша директоры Абзал Саттаров, Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрлым және коммуникациялар бөлімі мемлекеттік мекемесінің инспекторы Мадияр Абдраев, Түркістан облысы Полиция департаменті жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі Сәбит Бахтығалиевтер арасында кездесу ұйымдастырылды.
Сала жетекшілері бірігіп Түркістан қаласында бей-берекет жатқан заңсыз қоқыс тастау аумақтарын аралады.
Алдағы уақытта рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыстардан қаланы біржола тазарту үшін алдағы уақытта ол төңіректерге бейнебақылау камераларын орнату үшін қысқа мерзім ішінде меморандум жасалатын болады.