ҚАЛАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ НАЗАРДАН ТҮСПЕУІ КЕРЕК
Бұл — Сарыағаш ауданы әкімінің басты тапсырмаларының бірі. Осы мақсатта аудан орталығы Сарыағаш қаласында әр апта сайын тазалықты сақтау бойынша тексеру шарасы өткізіледі.
Шара аясында Сарыағаш қаласы әкімі аппаратының қызметкерлері, қаланың төбе биі, ақсақалдары және учаскелік полиция қызметкерлері, қала аумағының санитарлық тазалығына жауапты қызметкерлер, БАҚ өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ел алдында жүрген азаматтар жергілікті тұрғындарға қаланың тазалығы әр адамның өз ауласын таза ұстаудан басталатынын айтты. Бұдан өзге тұрғындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды белгіленген күннен бұрын көшеге шығарып, айналаның ажарын бұзатын әдеттен арылуға шақырды.
Тексеру кезінде ұйымдастырушылар бірқатар тұрғындарды сөзге тартты. Олар соңғы кездері қалада тазалық шараларына мән берілгені анық байқалып келе жатқандарын айтып, бұл үшін шын қуанатындарын жеткізді. Дегенмен де қаланы заңсыз қоқысқа көметін кейбір адамдардың келеңсіз әрекеттеріне қынжылатындарын да айтып қалды.
Мұндай шараны ұйымдастырушылар тазалықты сақтау – тәрбие екенін алға тартады. Ал тәрбие талбесіктен басталады. Сондықтан да отбасында тазалық туралы тәлім айту абзал.