ТӘЛІМБАҚ ҚАЙТАДАН КЕНТАУДЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛАДЫ
Кеңес Үкіметі кезінде Кентауда 150 түрлі ағаш көшеттері отырғызылған тәлімбақ болған. Кезінде даңқы дардай болған бұл тәлімбақтың қазіргі күйі сын көтермейді. Десе де қалпына келтіру жұмыстары қолға алынса, бұрынғыдай Кентаудың мақтанышы болатын бауға айналады.
Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында кезінде ауадан түсетін ылғал арқылы жайқалып өскен сол тәлімбақты қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілді.Тек қалпына келтіріп қана қоймай, нысанды жаңа демалыс және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру жайы айтылды.
Өз кезегінде Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов бұл бастаманың мәні мен маңызы туралы баяндады. Ұсыныстарды тыңдаған Өмірзақ Шөкеев бұл жобаға қолдау көрсетілуі тиіс екенін жеткізді. Аймақ басшысы «Ұсыныс зерделеніп, тиісті шешім қабылданады. Қаланың атмосферасын жақсарту, жасыл желекті молайту бағытындағы бастамаларды қолдаймын», — деді. Сонымен қатар Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға бауды иелікке алу, оған қажетті жоспарды бекіту және қажетті қаржы көлемін анықтау жөнінде тапсырма берді.
Қазір арнайы суғарылмаса да, ағаш мол өсіп тұрған бауға су көзін тарту, инфрақұрылымын жасақтау бағытындағы жоспарлар зерттелетін болды. Одан өзге арнайы мамандардың көмегімен аталған тəлімбақтың маңайында өскен ағаштардың қазіргі жағдайы зерттеліп, ауырған ағаштарды емдеп, тыңайтқышпен қамтып, жайқалту көзделіп отыр. Сәндік және жеміс ағаштарын молайту жоспарда бар.
Бұдан бөлек, биыл Кентау қаласын абаттандыру үшін «Жастар», «Кенші» саябақтарына тиісті құрылыс жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыстар Кентау қаласын дамыту үшін облыстық бюджеттен бағытталған 1,3 млрд теңге есебінен жүзеге асады.