ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІНІҢ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ
Қазақстан тұрғындарының жартысынан көбі мемлекеттік қызметшілерден тек жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің қызметіне «қанағаттанарлық» деген баға береді. Ал полицияның жұмысына қанағаттанбайды. Бұл туралы Finprom.kz жазды.
ҚР Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеуге сүйенсек, ел тұрғындары мемлекеттік қызмет көрсету сапасын былтырға қарағанда жоғары бағалап отыр. Жедел медициналық көмек қызметінің сапасына толық қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі 54,6 пайызды құраса, өрт сөндіру қызметі 50,2 пайызды отандасымыздың көңілінен шыққан. Қазақстандықтардың 43,7 пайызы полиция қызметіне, 43,3 пайызы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, 43 пайызы салық қызметіне, 39,9 пайызы өзге де мемлекеттік қызметтерге сенім білдірген.
Зерттеуге қатысқан респонденттердің мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты бірнеше жауапты таңдауға мүмкіндігі болғанын айта кету керек. Яғни «қанағаттанбаймын», «ішінара қанағаттанамын» және «қанағаттанамын», сонымен қатар «жауап беруге қиналамын немесе қолданбаймын» деген нұсқалар болған. Мысалы, жедел медициналық қызметке ауыл тұрғындарының 53,3 пайызы оң бағасын берсе, қала тұрғындарының 56,9 пайызы қызмет сапасына қанағаттанбайды. Сол сияқты салық қызметі бойынша ауыл тұрғындары 49,6 пайызға қанағаттанса, ал қала тұрғындары 39,5 пайызға ризашылығын білдіріп отыр.
Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі ауылда 48,7 пайызға, қалада 40,4 пайызға және полиция ауылда 48,5 пайызға тиісінше қалада 41,1 пайызға бағаланды. Ал өрт сөндіру қызметінің сапасына бірдей баға берілді деуге болады. Ауыл тұрғындары 50,3 пайыз болса, қала тұрғындары 50,1 пайызға оң бағасын беріп отыр. Респонденттер көбінесе полиция қызметіне қанағаттанбайды. Зерттеуге қатысушылардың 4,4 пайызы бірден қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Былтырда солай болған. Шығар қорытынды біреу, полиция қызметі бір жыл ішінде халық арасындағы беделінің биіктеуіне әсер ете алмаған…
«Уақыт».