БІЛІМДІ ҰРПАҚ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ
Білім саласы – қоғамның қозғаушы күші. Елдің ертеңгі өмірі бүгінгі таңда салада атқарылып жатқан жұмыстарға тікелей байланысты. Ғалым мен өнертапқыштың, экономист пен инженердің түлеп ұшар ортасы қашан да бәсекеге қабілетті болуы керек. Ал материалдық-техникалық базаның толық болуы – сапалы білімнің көрсеткіші. Ал бұл орайда өңір-өңірде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Мәселен, Шымкентте орналасқан М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында қосымша оқу корпусы салынып жатыр. Аталған жұмыстармен шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі танысып, тексеріп қайтты. Білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Бүгінде мектептің кей аумағы көнеріп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталды. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде.
Жаңа корпус 1100 оқушыға лайықталған. Бұдан бөлек, 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қорына арналған кітапхана және 20 оқу залы және 320 орындық асхана қаралған. Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. Айта кету керек, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы – Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. Бүгінде оқушыларға үш тілде білім беретін мамандандырылған гимназияға айналған.
Білім ордасы 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Атқарылған жұмыстармен танысу барысында қала әкімі тек үздіктерді тәрбиелеп отырған мектептің қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың көбеюіне жол ашатынын тілге тиек етті.