ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНМЕН КҮРЕС НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАҚ ЕМЕС

Өрт сөндіру қызметінің қала қауіпсіздігінде алатын орны бөлек. Қызыл жалынмен арпалыста аталған сала мамандарының ерен еңбегі ерекше бағаланады. Осы орайда, Шымкент қаласындағы Түркістан көшесінің бойынан жаңа өрт сөндіру депосы бой көтеруде. Атқарылып жатқан жұмыстармен шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі танысып қайтты.

Қаладағы №3 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары өз қызметін 70 жыл бұрын салынған ғимаратта атқарып келген. Десе де 2020 жылдың сәуір айында сарапшылар қорытынды жасады. Нәтижесінде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №3 өрт сөндіру бөлімінің архитектуралық құрылысы бұзылатынын мәлімдеген.
Аталған ғимараттың тарихы 1938 жылдан бастау алады. Міне осы уақытта учаске бөлінген еді. Содан кейін мұнда тәуелсіз әскерилерлендірілген өрт сөндіру бөлімі пайда болды. 80-шы жылдары бұл қаланың өртке қарсы қызметінің орталық пункті ретінде жұмысын жалғастырды. Бүгінде аталған мекемеде 62 қызметкер жұмыс істейді. Тозығы жеткен ескі сәулет ғимараты қала тұрғындарына жақсы қызмет етті. Бұл өрт сөндіру бөлімі қаланың орталық бөлігін қорғау үшін де қолайлы орналасқан.
Сол себепті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде аталған ерекшелік басты назарда болды. Айта кетерлігі, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ең маңызды мәселелердің бірі – қалалық өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсартуы шешіліп келуде. Құрылысы осы жылы басталған нысан 2023 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмысы аяқталса, қаладағы ең көне сәулет ғимараттарының бірінің орнында №3 өрт сөндіру бөлімінің жаңа заманауи ғимараты пайда болады. Жаңа корпус барлық нормативтік талаптарға жауап береді.