ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ: САПА АРТЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы жол сапасы жақсара түсті. Атқарылған жұмыстар қашан да бақылауда. Сондықтан болар тозығы жеткен ескі жолдар сүріліп, орнына тақтайдай тегіс асфальт төселуде. Мәселен, қазіргі уақытта шаһардағы ірі көшелердің бірі саналатын Адырбеков көшесін жөндеу жұмыстары жүруде. Оның сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі бақылап, тексеріп қайтты.

Құрылыс жұмыстары ұзындығы 3,74 шақырымды құрайтын жол Алдияров көшесінен Т.Рыскұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, жаяу жүргіншілер және жарық шамдар орнату көзделген. Қазіргі сәтте жұмыстың 45 пайызы орындалған. Нысан құрылысының аяқталуы 2023 жылға өтпелі.
Адырбеков көшесінің 2018-2020 жылдары Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі бір шақырымға жуық аумағы жөндеуден өткен болатын. Жолға қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Жібек жолы көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі аралығында қайта құру жұмыстары атқарылуда. Ал Жібек жолы көшесінен Ілияев көшесіне дейін асфальт жабындысының екінші қабаты төселіп, Ілияев көшесінен Тәуке хан даңғылына дейін инженерлік жүйелер орын ауыстырылуда және жолдың қазаншұңқыры дайындалуда.
Бұдан бөлек, көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін 23 жер телімі мемлекет иелігіне қайтаруды қажет етеді. Бүгінге дейін оның біреуі қайтарылып отыр. Қалған жерлер бойынша жұмыс процесі жүруде. Жол құрылысы аяқталса, шұрық тесік болмаса да ескірген көшенің жағдайы жақсарып, көлігі бар көптің тағы бір түйткілді мәселесі шешімін таппақ.