ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ КҮДІККЕ ІЛІНДІ
экс-әкімнің үстінен арыз жазған кім?
Бұдан біраз уақыт бұрын Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тараған болатын. Бастапқыда құзырлы органдар ресми ақпарат таратқан жоқ. Ал экс-әкімнің өзі аталған деректі жоққа шығарған еді.
Нақтырағы «Шынымды айтайын, ешқандай іс туралы білмеймін. Мені ешқайда шақырған жоқ, бұл туралы айтпады да. Әлеуметтік желіде жазып жатқан мәлімет – бос сандырақ. Бұл істерге менің қатысым жоқ. Мұның не үшін жасалғанын да білмеймін» деген болатын.
Десе де артынша Алматы қаласы Полиция департаменті экс-әкімнің үстінен арыз түскенін растады. Тарқата айтсақ, «Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласы Қылмыстық іздестіру департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады» деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгісі, полицияға арызды 19 мамыр күні «Alageum Group» құрылтайшысы және төрағасы Сайдулла Қожабаев жазған. «Forbes» журналында ең табысты 50 бизнесменнің қатарына кіретін кәсіпкердің арызында бес адамның, оның ішінде Ғабидолла Әбдірахымов пен Кәрім Мәсімовтың ірі көлемде ақша алғаны жазылған. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков жазды. Кейбір деректерде оның көлемі 2-3 миллион АҚШ доллары екені де айтылып жүр. Аталған қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса, мүлкі тәркіленеді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруы мүмкін. Дегенмен сот үкімі әлі шыққан жоқ. Экс-әкімнің алаяқтық жасаған я жасамағаны алдағы уақытта белгілі болмақ…