СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨСІМ БАР

Шымкенттің сыртқы сауда айналымы өткен жылдың алғашқы 5 айында 418 млн АҚШ долларын құраған еді. Биыл 166 млн АҚШ долларына немесе 40 пайызға артып, 584 млн АҚШ доллары болып отыр. Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов мәлімдеді.

2022 жылдың 5 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сыртқы тауар айналымы 40%-ға, экспорт рәсімі 55%-ға, импорт рәсімі 28% пайызға ұлғайған. Түркия, Өзбекстан және Қытай елдерімен сауда саттық барлық тауар айналымының 50 пайызын құрап отырғанын да айта кету керек. Жалпы 2022 жылдың 5 айында өндірістік емес төлемдер бойынша жергілікті бюджет 169%-ға орындалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары. Ал жеке тұлғалардың берешегі 29%-ға өсіп отыр.
Ал берешек сомасын азайту бойынша да ауқымды шаралар қолға алынып, атқарылып келеді. Бұл туралы Ерлан Әлімқұлұлы былай деді «Берешек сомасын азайту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Берешегі пайда болған жеке тұлғаларға бірінші хабарлама жолданады, 30 жұмыс күні ішінде орындамаған жағдайда салық бұйрығы қалыптасады. Оны 5 жұмыс күні ішінде төлемеген жағдайда автоматты түрде жеке сот орындаушылар палатасына мәжбүрлі түрде өндіру үшін жолданады. Қазіргі таңда берешегі бар 1691 автокөлік иелеріне іздестіру шаралары жүргізілуде. Салық төлеушілердің автокөліктері қала аумағында орнатылған «Сергек», «Интегра» жүйелік кешендерінің және «Қорғау» қосымшасының көмегімен іздестірілуде. Аталған автокөлік иелері туралы мәлімет Шымкент қаласының Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына ұсынылып, 23 мамырдан рейдтік іс-шаралар басталды. Жүргізілген іс-шара нәтижесінде, 35 көлік құралы иелерінен 16,2 млн теңгеден аса сома бюджетке өндіріліп, 16 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды. Бұдан бөлек, берешегі бар жеке тұлғаларға үйме-үй аралау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 754 жеке тұлғалардан 86 млн теңге өндірілді». Жалпы үшінші мегаполистегі экономикалық көрсеткіштер жыл өткен сайын жақсарып келеді. Мұның өзі жергілікті әкімдіктің қолға алып жатқан жүйелі жұмыстарының нәтижесін айқындайды.