ЖАСТАРДЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғам мен экономиканың ұзақмерзімді дамуы бүгінгі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Олардың қарым-қабілеті ертеңгі елдің болашағын айқындайды. Сондықтан алды әлем алпауыттарынан бастап жастардың мәселесіне айрықша назар аударады, олардың дамуы үшін барлық жағдайларды жасайды. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында да ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы әр апта сайын әр аудан жастарымен өтіп жатыр.

Бұл жолы аталған кеңес отырысы Әл-Фараби ауданының жастарымен өтті. Оған Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері және жастар қатысты. Кездесуде Әл-Фараби ауданындағы жастар саясатын жүзеге асыру барысы туралы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Исахов Мағжан Шыңғысұлы баяндама жасады. Жиында Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев «Біліммен қатар тәрбие де жүру қажет. Қазіргі жастар қазақтың салт-дәстүрін ұмытпау керек. Кезінде әл-Фараби «Тәрбиесіз білім – адам баласына жат» деп бекер айтпады. Өз-өзіңді дамытуды, алған біліміңді жетілдіруді үнемі жалғастырып отыру керек, сонда ғана көздеген мақсатыңа жетесің» деді.
Қала әкімі жастар арасында қозғалып жүрген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Жастар да белсенділігін көрсетіп, көптеген ұсыныстар мен көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданына қарасты шалғай елді мекенде орналасқан жастарға қаламыздағы мәдени-тарихи кешендерге саяхат ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін, білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, жас журналистерге арнайы семинарлар өткізу, қалалық және республикалық ұлттық өнер жарыстарын өткізу және бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, дамыту тақырыптары сөз болды. Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев алдағы уақытта мегаполис жастарының болашаққа нық сеніммен қарауы және жан-жақты дамуына, бұқаралық спортты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.