БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТАССАЙДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫ ТЕКСЕРДІ
Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солардың бірі ретінде қалаға қарасты Тассай елді мекенін газбен қамту жұмыстарын алуға болады. Өткен аптада қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков аталған елді мекенге барып, құрылыс барысында анықталған мәселелерді реттеу мақсатында жиын өткізді.
Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған еді. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстың 50 пайызға жуығы аяқталған.
Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысын толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Айта кету керек, Тассай елді мекені сапалы ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, кәріз жүйесімен қамту құрылысы да қатар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 115,2 шақырымды құраса, бүгінде оның 66,3 шақырымы орнатылып, құрылыстың 62 пайызы аяқталған. Пайдалануға беру мерзімі келер жылға өтпелі. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталса, Тассай елді мекеніндегі инженерлік инфрақұрылым мәселелері толығымен шешілмек.