МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДІҢ ЖАРТЫ АҚШАСЫН МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕЙДІ

Бұған дейін мемлекет тарапынан тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ы төленетіні турасында жазған болатынбыз. Десе де жауапты министрлік өтінімдердің нақты қай уақыттан бастап қабылдайтынын айтпаған еді. Қала берді, аталған көмекті алғысы келетін көптің қайда барып өтініш білдіретінінен де хабарсыз болатынбыз. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің telegram-арнасында аталған бастаманың анық-қанығы жазылды.

«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша, 18 сәуір күні біз жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кеттік. Алайда, бұған дейін бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Аталған бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы — «Отбасы банкі», — деп жазды ведомство. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 590 мыңға жуық кезекте тұрған азамат бар. Олардың 210 мыңға жуығы әлеуметтік осал топтарға жатады. Ал енді оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтар саны – 70 мың. Осыған орай мемлекет басшысының тапсырмасымен жалға алынатын тұрғын үйлер үшін төлемдер тағайындау қағидалары әзірленген.
«Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында әріптестерім тұрғын үй төлемдеріне өтінім беру механизмі және субсидиялау қағидалары туралы егжей-тегжейлі айтып берген болатын. Осылайша, көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алады. Халыққа ыңғайлы болу үшін біз өтінімдерді қабылдау бойынша цифрлық платформаны іске қостық. Осылайша барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексерілетін болады», — министр Қайырбек Өскенбаев. Бұдан бөлек, келген өтінімдер бойынша мониторинг жасалмақ. Не де болса, игілігін көп көрсе болғаны…