КӘСІПКЕРДІҢ УАҚЫТЫН ҮНЕМДЕЙТІН ҚОСЫМША ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Елімізде кәсіпкерлік саланың дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылып келеді. Бүгінде бизнес бастап, нанын жеймін дегендерге мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар да бар. Енді мемлекеттік кірістер комитеті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосып жатыр. Мұның қандай артықшылығы бар? Қалай жүктеп алуға болады? Таратайық…
Ведомство мәліметіне сүйенсек, аталған «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеп алуға болады. Қазіргі уақытта оны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланып жатыр. Қосымшада бизнес өкілдеріне арналған ыңғайлы сервистер топтастырылған. Мәселен, салық органдарының жіберген хабарламасын алуға, бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге, артық төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады. Сонымен қатар бірқатар анықтамаларды да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, жұмысшылардың табысы туралы анықтамаларды алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған.
Бұдан бөлек, ведомство таратқан хабарламада мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге, қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге, жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге, оңайлатылған декларацияны тапсыруға, кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік беретіні де айтылған.