4 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ТАБЫСЫ АРТПАҚ
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтарға «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын таныстырды. Бастаманың халықтық бағдарлама екенін атап өткен вице-премьер жобаның 1 миллионнан аса бюджет саласы қызметкерінің, сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналының жалақысын арттыруға бағытталғанын тілге тиек етті. Оның ішінде 850 мыңы — бюджет, 200 мыңы — өндірістік саладағы азамат.
Тоғжановтың сөзінше, келесі аптада «Самұрық-Қазына» қорында квазимемлекеттік секторға қатысты жиын өтеді. Онда жалақыны көтеру мәселелері қаралмақ. «Сондай-ақ 2,8 миллион қызметкердің жалақысын бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа тікелей қатысы бар жобалар арқылы көбейтеміз.
Әсіресе, мемлекеттің тікелей қолдауын алатын бизнес саласына 2,8 миллион азаматтың жалақысын көтеруге қарсы талап қойылады», — деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек, вице-пермьер аталған бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында 2025 жылға дейін 2 миллионнан астам жұмыс орны ашылатынын тілге тиек етті. Атап айтсақ, өндіріс саласында 950 мың, инфрақұрылым саласында 583 мың, ауыл шаруашылығында 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны құрылмақ. Тоғжанов мұның бәрі табысқа тікелей әсер ететін жобалар екенін де атап өтті.