ШЫМКЕНТ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНАН КӨРІНДІ

Ағымдағы жылдың қаңтары мен наурызы аралығында ел экономикасының өсу қарқыны 4,4 пайызға жеделдеген. Тау-кен өндіру өнеркәсібін айтпағанда, инвестициялардың өсу қарқыны 0,6 пайызды құраған. Оның ішінде құрылыс, білім беру, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, сауда, жылжымайтын мүлік пен операциялар салаларында өсім бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және отандық ғылымды дамыту мәселелері қаралған Үкімет отырысында мәлімдеді.

Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы, Ақмола мен Маңғыстау облыстары көш басында тұр. Шымкентте инвестиция тарту көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84 пайызға артқан. Негізгі жеті макрокөрсеткіш бойынша оң өсім тіркелген.
Өңдеу өнеркәсібі бойынша барлық өңір оң көрсеткішке ие болып отыр. Шымкентте де аталған динамика өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызды құрайды. Есепті кезеңде елімізде 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шымкентте бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артып отыр. Жиын барысында ҚР Премьер-министрі қазіргі күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету аса маңызды міндет екенін айтты.