2021 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНҒА 41,2 МЛРД АҚШ ДОЛЛАРЫНЫҢ ТАУАРЫ ЖЕТКІЗІЛГЕН

Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бастап тұрмыстық техникаға дейін шеттен келетіні белгілі. Ресейдің қантқа салған шектеуінен ажиотаж туғанынан да хабардармыз. Жыл сайын Қазақстанның қанша қаржысы шетке кетеді? Транспорттың кез келген түрімен шекарадан кіретін заттарға қойылар талап бар ма?

2021 жылы елімізге 41,2 млрд АҚШ долларының тауары жеткізілген. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Елікбаев мәлімдеді. «Қазақстан көптеген елмен сыртқы сауда ықпалдастығын жүзеге асырып келеді. Мәселен, өткен жылы елімізге 41,2 млрд АҚШ долларының тауары әкелінді. Тауарға қойылатын басты талаптың бірі – қауіпсіз болуы тиіс. Біздің міндет тұтынушылардың қауіпсіздігін қамту. Тауардың тұтыну қауіпсіздігіне қойылатын арнайы техникалық реттеу жүйесі бар. Бүгінде олар 60-қа жуық техникалық регламентпен бекітілген», — деді Қуаныш Елікбаев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізге әкелінетін тамақ өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, автомобиль және басқа да тауарлар техникалық регламент бойынша қабылданады. «Техникалық регламент бойынша тауар өндірушілер мен жеткізушілерге міндетті талаптар қойылады. Олар тауардың талапқа сәйкес келетіндігін растауы керек. Содан соң тауарды Қазақстан аумағында сатуға, қолдануға сертификат беріледі. Бүгінде елімізде 400-ден астам сынақ зертханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар 90-ға жуық тауарды сертификаттау органы бар. Осы орайда айта кететін жайт, талап қою мен сертификат берумен жұмыс бітпейді. Аталған талаптардың орындалуын бақылау қажет. Осы орайда біздің комитет жаңа заң әзірледі, ол өткен жылдың шілдесінде күшіне енді. Заңда елге келген өнім мен тауарды қалай бақылау керектігі нақты көрсетілген» дейді ол.