БИЫЛ 18 МЫҢНАН АСА ЖАСТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Шымкент қаласында біраздан бері көшпелі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Бастаманың арқасында жұмысқа орналасып жатқандар жетерлік. Бұдан бөлек, биыл қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма 18 425 жасты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Бұл туралы басқарма басшысы М.Шотанов қала әкіміне баяндады.

Жыл басынан бері 19 орында мемлекет тарапынан жастарға берілетін мүмкіндіктерді мәлім ететін көшпелі жәрмеңке өткен. Басты мақсат – жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу. Оған жастарды кеңінен тарту үшін шара саябақтар мен сауда орталықтарында, шалғай елді мекендерде және Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылуда. Жәрмеңкенің өтетін жері мен уақыты да алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып келеді.
Мұндай шараның нәтижесінде 2 066 жас жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, жастар практикасымен 540 жас тәжірибесін толықтырса, 745-і қоғамдық жұмыс орындарына бағытталған. 50 жас алғашқы жұмыс орнына орналасқан. Сонымен қатар 50 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 701 жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан.
Басқарма басшысының сөзінше, жыл соңына дейін тағы 60 көшпелі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жастарды жұмыспен қамтудың барысын тыңдаған қала әкімі жастарға ресми түрде жұмысқа орналасу маңызды екенін айтты. «Жас маман үшін жұмыс өтілі өте маңызды. Сондықтан оларға ресми түрде жұмысқа орналасуды түсіндіру қажет. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі терең зерделеуді талап етеді. Мамандығына сай жұмысқа орналасуы үшін білім, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау секілді басқармалармен бірге жұмыс жасауды қолға алу керек» деді жиын барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов.