ТҮРКІСТАН ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс нысандары мен тапсырылған ғимараттарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Бүгінде қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр. Аталған спортпен айналысатын ағайын жуық арада орталық қызметіне жүгіне алады. Нысанның жер аумағы 2,5 гектарды құраса, ауданы 5 мың шаршы метрге жетіп жығылады.
Өңір басшысы нысандарды аралау барысында мердігерлермен кездесіп, жауапты басшыларға тапсырмалар да берді. Теннис орталығы 7 ашық теннис кортынан, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы, сондай-ақ автотұрақтан тұрады. Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев жақында ғана техникалық ашылуы өткен Экобазарға барды. Сонымен бірге қала аумағында салынып жатқан гүлзарлар мен абаттандыру жұмысын да қадағалады. Нысандарды аралаған облыс әкімі алдағы уақытта да Түркістанның туристік әлеуетін көтеруді көздейтін жұмыстар жалғасатынын айтты.