ҚАНТТЫҢ ҚАТ ТАУАРҒА АЙНАЛҒАНЫ РАС ПА?

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде қант тапшылығына қатысты бейнежазбалар тарады. Бірқатар облыс орталықтарында қанттың келісі 500 теңгеге дейін көтерілгені туралы да ақпар шықты. Салынып жатқан экономикалық санкциялардың салдарынан Ресей қант экспортына жарты жылға тыйым салған болатын. Елімізде шынымен де қант тапшылығы бар ма? Жауапты министрлік не дейді?

Сауда және интеграция министрлігі қант тапшылығы турасында тараған ақпараттарға түсініктеме берді. «Дүрбелең сұраныстың артуына және базарда алыпсатарлық фактісінің туындауына алып келді. Сауда және интеграция министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі ажиотажға ерік бермеуге шақырады. Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылады» делінген хабарламада. Қош делік, жалған ақпаратқа сеніп, қант тасыған көптің алаңдауына негіз жоқ екенін білдік. Десе де батыстың санкцияларынан экономикасы теңселген солтүстіктегі серіктесімізде болып жатқан жайттар да алаңдатып отырғаны жасырын емес. Босап қалған сауда сөрелері туралы бейнежазбаларын көрген сайын тапшылықтың тұзағына біз де түспейміз де деген ой санадан сығалайды.
Қуаңшылықтың салдарынан сынның астында қалған ауыл шаруашылығы министрлігі де көп күттірмеді. Алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін алға тартты. Дерекке сенсек, елімізде жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін жеткілікті шикізат, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін жеткілікті мал басы бар. Бұдан бөлек, республика бойынша барлығы 1,5 миллион тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жасақталған. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 миллион тонна көкөніс өнімдері.
Бұдан бөлек, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 3 айға жеткілікті қоры жасақталған. Дегенмен тарап жатқан «үш айдан кейін тауарлар таусылады» деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Қор үнемі толықтырылып отырады. Ал қант мәселесіне келсек, елімізде қант өндірісі жалғасып жатыр. Қала берді, өзге елдерден импорттау мүмкіндігі тағы бар. Сондықтан жалған ақпаратқа сеніп, ажиотажға ерік беруге негіз жоқ.
«Уақыт».