ЖАНУАРЛАРДЫ АЗАПТАҒАНДАР АУҚЫМДЫ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
Бұдан біраз уақыт бұрын қоғам талқысына түскен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң елімізде 1 наурыздан бастап күшіне енді. Аталған заң жобасы иттер төбелесі, жануарларға анестиясыз операция жасау, сабау, оларды заңсыз аулау сияқты адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге тоқтау салуды көздейді. Заңды бұзып, ауқымды айыппұл арқаламау үшін нені білген жөн? Ал заңнан аттап, жануарды азаптағандар қандай жазаға тартылады? Тарқатайық…
Заңды білмеу, жауапкершіліктен жалтаруға себеп бола алмайды. Бұдан былай жануарға қатігездік танытып, өлуіне, жарақаттануына, денсаулығына өзге де зиян келтіруге әкеп соқтыратын қасақана әрекеттерге заңмен тыйым салынады. Ашып айтсақ, алдағы уақытта жануарды ұрып-соғу, азаптау, оның ішінде аштық, шөлдеу және жануардың өлуіне, жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіруге әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін әрекеттер мен жануарларды бөлшектеу, өртеу, суға батыру, тұншықтыру, сою жолымен басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерге, ауруды басатын немесе жансыздандыратын дәрілерді қолдану жануардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, тиісті құралдарды ауырсынуды басатын немесе анестезияны қолдану көрсетілген жануарларға ветеринариялық және басқа да іс-шараларды жүргізуге, қызметтік міндеттерін орындаумен немесе аң аулаумен байланысты емес мақсаттарда бұзақылық ниетпен жануарларды адамға қарай бағыттауға, жануарлар иелерінің немесе жауапты тұлғалардың жануарларды немесе олардың төлдерін жануарларды паналайтын орындарға орналастырмайынша немесе басқа заңды жолмен иеліктен шығарғанға дейін күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына, көмектесуге мүмкiндiгi бола тұра өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген жануарға жануардың иесiнiң немесе жауапты адамның көмек көрсетпеуіне, жануарлар жекпе-жегін ұйымдастыру және өткізуге, жануарлар қатысатын ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды қоспағанда, жануардың жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіретін немесе жануарлардың өлуіне әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізуге, малдың жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіретін немесе жануардың өлуіне әкелетін құралдарды пайдалануға, иттер мен мысықтардың жүнін алуды қоспағанда, иттер мен мысықтарды өсіру, ұстау, оларды жеу үшін пайдалану, сою немесе жарақаттау немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру арқылы осы жануарлардан өнімдер мен шикізат алуға, ветеринар емес адамның эвтаназия жасауына және ғылыми мақсатта будандастыруды қоспағанда, үй және жабайы жануарларды будандастыруға тыйым салынады.
Заңды ескермей, талапты бұзған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұрын да солай болған. Бұл жолы жауапкершілік күшейе түспек. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарға зиян келтіретін қатыгездік жасаған адамға 120 АЕК немесе 367 560 теңге мөлшерінде айыппұл салу, 120 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Ал қатыгездік салдарынан жануар өлсе, мұндай әрекетке 200 АЕК немесе 612 600 теңге мөлшерінде айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, бір жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып онсыз 50 тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамауға алу жазасы беріледі. Қылмыстық әрекет белгілерінсіз жануарларға қатыгездік жасаған жағдай бойынша да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға 5 АЕК немесе 15 315 теңге, лауазымды тұлғаларға 10 АЕК немесе 30 630 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бқдан бөлек, әрекеттер қайталанатын болса, айыппұл мөлшері 4 есе көбейеді.