БЕЙЖІҢДЕГІ ЖАРЫСТА КІМНЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ?
Келесі жұмада Қытай елінің Бейжің қаласында Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ағымдағы жылдың 20-ақпанына дейін жалғасатын дүбірлі додада қысқы спорттың 15 түрінен 109 медаль сарапқа салынады. Оған әлемнің 95 елінен 4 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында қазақстандық 34 спортшы бар. Олар қысқы спорттың 8 түрінен сынға түседі. Мамандар қай сайыпқыраннан үлкен үміт күтеді.
Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков Бейжіңде биатлоннан ел намысын қорғайтын Галина Вишневкая, Александр Мухин, Владислав Киреев, фристайл-могулдан Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаковтарға артылған үміт зор екенін алға тартады.
Ал фристайл-акробатикада команда лидері Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмурзаева, Шерзод Хаширбаев қор қол қайтпайды деген сенім көп. Конькимен сырғанаушы спортшыларымыз да қоржынға медаль салуы әбден мүмкін. Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Ольга Тихонова сынды шорт-тректен сынға түсетін спортшыларымыз өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, жанкүйерлерінің сенімін ақтайды деген үміт те жоқ емес.
Қысқы Олимпиададағы шаңғы сайысында спортшыларымыз қарсыластарын шаң қаптырады деп айту қиын сияқты. Себебі аталған спорт түрі бойынша спортшыларымыз карантиндік шектеулерге байланысты жарыстарға қатыса алмаған. Тек Германияда өткен әлем чемпионатына қатысқан. Олар биыл маусымда бар күшін салып, 7 лицензия ұтып алды. Осылайша шаңғы сайысында 2 ер адам, 5 әйел сынға түсетін болады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осы деректерді алға тартқан Андрей Крюков шетелде фристайлшылар, шаңғышылар, биатлоншылар жаттығып жатқанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің таратқан дерегі бойынша Қысқы Олимпиадада жеңіс тұғырынан көрініп, қоржынға алтын медаль салған спортшыларға- 250 мың доллар (109 млн 129 мың 500 теңге, 1 доллар – 436,52 теңге), екінші орынға -150 мың доллар (65 млн 477 мың 700 теңге), үшінші орынға — 75 мың доллар (32 млн 738 мың 850 теңге) қарастырылған. Бұл қаржы мемлекеттік қордан бөлінеді.