ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТҚА ҚАЙТА ОРАЛМАУЫ КЕРЕК…
Аптаның сәрсенбісінде Мәжіліс депутаттары Тұңғыш Президент, Елбасына қатысты бірқатар заңға түзетулер енгізді. Соған сәйкес Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болу құқығынан айырылды. Құжат Сенатқа жолданған.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қанат Нұров өзінің фейсбуктегі парақшасында хабарлады. Депутат бұл ұйымдарға төрағалық ету енді лауазымы бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі екенін нақтылай кеткен. Өзінің жазбасында Қанат Нұров Мәжілістің осындай тарихи шешім қабылдауына қатысқанын айта келе, мемлекет басшысының Парламенттегі мәлімдемесін (11-қаңтардағы) революциялық сәтке теңеді. Және де Парламент пен Үкімет оның барлық уәделерін толық, шұғыл және дәл жүзеге асыруы тиістігін тілге тиек еткен.
Жазбасының соңында Төменгі палата депутаты «Тұңғыш Президент саясатқа қайта оралмауы керек, оның «отбасының» барлық ресми және бейресми саяси монополиялары экономикада кеңінен жойылуы керек» деп келтірген.