АУРУДЫҢ КҮРТ ӨРШУІ ӨЗІМІЗДЕН БЕ?

Елімізде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші көбейіп жатыр. 13-қаңтардағы жағдай бойынша 9 мыңнан астам адамда коронавирустың оң нәтижесі анықталғаны хабарланғаны есімізде. Сол кезде мамандар бұл елімізде пандемия басталғалы бері рекордтық көрсеткіш екенін айтып дабыл қаққан еді. Көп ұзамай антирекорд көрсеткіші қайта жаңарды. Сәрсенбіде соңғы тәулікте 13874 адамнан індеттің оң белгісі байқалғаны айтылды. Бейсенбіде бұл көрсеткіш 16 мың адамға  жуықтады.

Қазіргі таңда елімізде Түркістан өңірі ғана  «сары» аймақта тұр. Қалған өңірлердің барлығы «қызыл» түсте.

Еліміздегі эпидахуал бойынша сала басшылары Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізді. Оған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановта қатысты. Вице-премьер кеселді жұқтырудың күрт көбеюіне тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауға тым салғырт қарайтыны себеп болып отыр деді. Өз сөзінде Ералы Тоғжанов «Соңғы уақытта салғырттық көбейгенін, маска тағуды, антисептик қолдануды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды тоқтатқанымызды мойындауымыз керек. Көптеген азаматтарымыз оқшаулану талаптарын мүлдем ұмытты және айналасын қатерге тігіп жүр», -деді. Ол індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина салдыру және санитарлық номаларды қатаң сақтау екенін де ескертті.

Айта кетейік, бүгінше дейін елімізде коронавируспен ауырғандар саны 1 млн 1 жүз мың адамнан асқан.  Пандемия басталғалы екі жылға жуық уақыт ішінде 18 мыңнан астам адам коронавирус кеселінің кесірінен ажал құшқан. Ералы Тоғжанов бейбіт күнде осыншама адамның келместің кемесіне мініп кетуіне ең әуелі тығылып қонаққа бару, тойхананың артқы есігенін кіріп той жасау, масқа тағуды қаперге де ілмеу, санитарлық талаптарға пысқырып қарамау сынды салғырттық себеп болған деп  көпшілікті сыбап тастады. Тіпті ол қазір босаңситын кез емес екенін, аурудың шарықтау шегі әлі алда екенін ескертті.

Тоғжановтың болжамы тура келмесін деп тілейік. Ауру жұқтыру көрсеткіші күрт көбейсе халіміз қандай болады? Пандемия басталып, ауруды жұқтыру көрсеткіші өршіген 2020 жылдың жаз айларын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ауруханада науқастар сыймағаны, сыйғанының өзіне қажетті ем шара жасау үшін құрал-жабдық табылмағаны, дәріханада дәрі тапшы болып, халықтың сабылғаны әлі есте. Денсаулық сақтау саласындағы бұл шикілікке кім кінәлі? Ауру жұқтырудың күрт көбеюіне кімнің кінәлі екенін тәптіштеп айтып берген Тоғжанов бұл сұраққа не деп сайрайды екен?