ОМАРОВТЫҢ ОН АЙ БҰРЫН АЙТҚАНЫН ҚАРАШӨКЕЕВ ҚАЙТАЛАП ОТЫР
Осы аптада өткізілген Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2025 жылға қарай елімізде құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, балық пен қант өнімі өндірісінің көлемі 100 пайызға жететінін айтты. Бұл мақсатта инвестициялық жобаларды іске асыру басталғанын хабарлады.
Дәл осындай мәлімдемені 2021 жылдың наурыз айында сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сүйіншілеп жеткізген. Бірақ Сапархан Омаров аталған тауарлар өндірісін 100 пайызға жеткізуді Қарашөкеев сияқты 2025 жылға қарай деп емес, алдағы үш жыл ішінде яғни, 2024 жылға дейін жүзеге асырамыз деп білек сыбанған еді. Сапархан Омаров келтірген сандеректер мынадай болатын. Елімізде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарықтағы сұраныстың 58 пайызын ғана жапса, ал отандық шұжық өнімінің ішкі нарықтағы үлесі 62 пайызға жетеді. Елдегі сүт өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз ету үшін сырттан келетін сүт шикізатының көлемі 500 мың тоннаға жетеді екен. Осыншама импортты ішкі нарықтан ығыстыру үшін республика аумағында 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу қажет. Қазақстандықтар жылына 344,3 мың тонна алма тұтынады екен. Бұл сұранысты толық жабу үшін елімізге 144 мың тонна алма импортталады. Өнімнің осыншама көлемін өзімізде өндіру үшін 6,6 мың гектар алаңда алма бағы болатыны да айтылған. Сондай-ақ, Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна болатын жаңа қант зауыты салынса, балық өндіру бағытында 8 жоба іске асатынын, қазіргі таңда елді балық өнімдерімен қамту 60,8 пайыз екенін жеткізген.
Сапархан Омаров осы мәлімдемені айтқан сол кезден бері он айға жуық уақыт өтті. Он айдан бері тұтас ведомстваның ауқымды жобасы ешқандай жүзеге аспай, шаң басып жатқанын қайран уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Бір қызығы өз саласын оңдыра алмады деп сын тезіне алынған экс-министр Сапархан Омаровтың орнына таңдалып алынып, тағайындалған Ербол Қарашөкеевтің өз жанынан алып қоспай, бұрынғы басшының кезіндегі жобаларды қайталап жатқанын қалай түсінуге болады? Сонда ол Омаровтың кезіндегі жобаларды орындаудан аса алмаса, алдағы сын сағаттардан қалай сүрінбей шығады? Жуырда мемлекет басшысы құрғақшылық биыл да қайталануы мүмкін екенін ескертті. Сол үшін тиісті шаралар мен төрт түлікке қажетті қоректі қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты Қарашөкеев қандай шаралар қарастырып жатқанын айтпады. Әйтеуір ай қарап жүрмесе игі еді…