ҚОРҒА ТАҒЫ КІМ АЛАҚАН ЖАЯДЫ?
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жұмысына шаруалардың көңілі толмайды.
Осы аптада еліміздің бірқатар өңірлерінен жиналған 30-ға жуық шаруа қожалықтары елордаға арнайы барып аталған ведомства басшысымен жолықты. Алыстан ат арылтып келгендердің арасында маңғыстаулық шаруалардың жанайқайы тіпті ащы. Биыл қуаңшылықтан көп малы қырылып қалған мұнайлы өлкенің фермерлері жауаптылар өлген малдың есебін дұрыс жүргізбегеніне қынжылады. Сонымен қатар олар ауылдағы әр тұрғын екі бастан артық мал ұстамауы керек деген министрлік әзірлеген заң жобасындағы талап тіпті қисынға келмейтінін, оған түпкілікті қарсы екендіктерін ашып айтты. Олар қазаққа атадан қалған кәсіп мал бақтырмаудың амалын жасауға барын салып жатқан министр Е. Қарашөкеевке отставкаға кету туралы талап қойды.
Сонымен қатар министрлік әзірлеген заң жобасында субсидиялардың қысқартылып жатқанына тағы ашынған шаруа иелері салаға жауапты басшы ауыл шаруашылығы саласының майын ішіп, жілігін шаққан маман болуы керектігін қадап айтады. Алқаптан астық өндіріп, қорадағы төрт түлікті баптау ісінде мүлдем тәжірибесі жоқ Қарашөкеевтей маманның бізге түкке қажеті жоқ деген шаруалар тиісті заңды кеңесіп әзірлеуді сұрайды.
Сонымен қатар маусым айында қырылған мал үшін Үкіметтен бір реттік көмек ретінде берілген 1 млрд 900 млн теңгенің әлі 700 млн теңгесінің игерілмегеніне наразы болған шаруа иелеріне Қарашөкеев «Бұл олқылықты реттеу үшін қаңтардан бастап ревервтен ақша сұраймыз» деуден әрі аса алмады.