АЛҚАПТАН 3,3 МЛН ТОННА ӨНІМ АЛЫНДЫ

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында 3,3 млн тонна өнім жиналды. Сала мамандары мұндай рекордтық көрсеткішке қол жеткізу егістіктік әртараптандырудың нәтижесі деп санайды.

Бұл туралы ала жаз бойы атыз жағалаған облыс диқандарының еңбегі қорытындыланған «Altyn kúz-2021» мерекелік іс-шарасында айтылды.
Түркістандағы «Конгресс Холл» ғимаратында өткен шарада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барша диқандар мен малшыларды, агросала өкілдерін ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады. Аймақ басшысы:
– Тәуелсіздіктің арқасында мемлекетімізде сан саланы дамытуға мүмкіндік туды. Күні кеше Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Оның біріншісі – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз және ең ұлы құндылығымыз. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Бірнеше жыл бұрын елімізге келген АҚШ өкілдері Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік өте зор екенін айтқан болатын. Шын мәнінде біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек. Өңірде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мал тұқымын асылдандыру ісі жанданды. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы бірінші орынға шықты. Сонымен бірге суармалы жерді игеріп, көкөніс, бақша өнімдерін өсіруде де Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары,-деді құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар ол, іріленген әрі біріккен шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланудың арқасында мол жетістікке жетіп отырғанын, ал бірікпеген, орташа шаруа қожалықтары үшін бір жерден жылына 2-3 өнім алу жобасын тиімді пайдалану арқылы ілгері жылжып отырғанын атап өтті. Облыс әкімі үй іргесіндегі жерден ырыздық терген ағайынның тамшылатып суғару әдісін пайдалануын тоқтатпауға кеңес берді.
Бұдан өзге Өмірзақ Естайұлы жер анадан несібе айыруға климаты өте қолайлы күнгей аймағында ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті тағы 2-3 есе өсіруге мүмкіндік бар екенін ескертті.
Биыл Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасындағы келісімге сәйкес «Достық» каналына мол деңгейде су келген. Мұның өзі жылды табысты қорытындылауға көп әсерін тигізген.
Таңалакеуімнен бастап, күн ұясына батқанға дейін алқапта бел жазбай еңбек еткен диқандар мен шаруалардың мәртебесі асқақталған жиында өңір басшысы бір топ азаматты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төс белгісімен марапаттады. Түрлі салада үздік атанған аудан, қала әкімдеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен бірге салтанатты жиында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев озат агроқұрылым өкілдерін марапаттаса, бір топ БАҚ өкіліне облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.